"Халық, басшылар бағасын берер": Алматы облысының әкімі отставкаға кетуге қатысты пікірін айтты
Жарияланған күні:
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғардағы жағдайға байланысты отставкаға кету туралы пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 13 желтоқсанда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп жатыр. Брифинг барысында журналистердің бірі Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтен Талғарда болған жағдайларға байланысты отставкаға кету жайында пікірін сұрады.
"Талғарда бүгін жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары халыққа ақпаратты жеткізіп отыр. Біздің жұмысымыз әлеуметтік желіде тараған ақпаратпен ғана бағаланбайды ғой. Экономикалық, әлеуметтік, тағы басқа салалармен өлшенеді. Осылардың нәтижесіне қарап кейін халық, басшылар бағасын берер", - деп жауап берді әкім.
Облыс басшысы Талғардағы оқиғаларға байланысты ел тұрғындарын сабырлық танытып, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрады.
"Қайғылы жағдайға ұшыраған бұл жанұяға көңіл айтамыз. Жалпы бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Бүгінде бұл іс Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның жеке бақылауында. Осыған байланысты көпшілікке айтқым келетіні – сабыр сақтап, құқық қорғау органдары таратқан ақпаратқа ғана сеніңіздер. Олар қазір БАҚ арқылы ақпарат беріп, жұмыстарын ашық жүргізіп жатыр", - деді Марат Сұлтанғазиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2200211-sabyr-saqtaiyq-almaty-oblysynyng-akimi-otstavkaga-ketuge-qatysty-pikirin-aitty/