"Прокуратураға шағым әзірлеп жатырмыз": адвокат Жанна Уразбахова өзіне қатысты қылмыстық іске пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖанна Уразбахова өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іске пікір білдіріп, оны "заңсыз" деп атады. Бұл жөнінде адвокаттың мәлімдемесіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жанна Уразбахова Instagram-дағы жеке парақшасында Алматы полициясы қозғаған қылмыстық іс заңсыз екенін мәлімдеді.
"Алматы полиция департаментінің менің үстімнен қозғаған қылмыстық ісі заңсыз. Оған қарапайым ғана себеп – қылмыстық іс материалдарын көрген жоқпын, танысқан жоқпын, онда оны қалай жария ете аламын?
Тергеу әлі жүріп жатыр. Ең бастысы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру құпиясын жарияламау туралы ешқандай қолхат берген жоқпын, ал ол қолхатсыз ешкім маған ешқандай айып таға алмайды.
Біз қылмыстық істі заңсыз тіркегені туралы прокуратураға шағым әзірлеп жатырмыз", - деп мәлімдеді Уразбахова.
NUR.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін Алматы полиция департаментіне хабарласты. Полиция Қылмыстық-процестік кодекс нормаларына сілтеме жасап, Уразбахованың сөзіне түсініктеме беруден бас тартты.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматы полициясы екі адвокатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, бопсалау және алаяқтық бойынша қылмыстық іске байланысты тергеу деректерін жария еткені үшін адвокаттар У. және Б.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
"Аталған тұлғалар қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тыйымға қарамастан, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы тергеу барысы туралы ақпарат таратқан. Бұл әрекеттер қылмыстық іс жүргізу нормаларына қайшы келеді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция адвокаттардың тергеу әрекеттеріне қасақана кедергі келтіргенін және процессуалдық шараларға қатысу міндетін елемегенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206301-prokuraturaga-shagym-daiyndap-zhatyrmyz-advokat-zhanna-urazbahova-ozining-ustinen-qozgalgan-qylmystyq-iske-pikir-bildirdi/