ҰҚК басшысы депутаттың "бұрынғы саяси режимді дәріптейтін" видео туралы сауалына жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомҰлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев бұған дейін желіде қоғамдық пікірді манипуляциялау мақсатында жазбалар тарағанын айтқан мәжілісмен Ермұрат Бапидің депутаттық сауалына жауап берді. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бапи депутаттық сауалында "Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтайтын видео тарағанын" атап өткен. Оның айтуынша, бұл ескі режимді дәріптеу және қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған үрдіс.
Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы ведомство қызметкерлері деструктивті ақпаратты орналастыруға қатысы бар тұлғаларды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді және жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың басынан бері интернет-ресурстарда деструктивті ақпаратты таратуға, соның ішінде жаппай тәртіпсіздікке шақыруға байланысты заңсыз әрекеттерге барған 330 желі қолданушысы анықталған. 29 адам қылмыстық жауапкершілікке, 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қалғандарына профилактикалық іс-шаралар қолданылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі интернетте саяси арандатушылық сипаттағы ақпарат таратушылардың көбінің аты-жөні белгісіз болып қала беретінін және көбінесе шетелдік платформаларда тіркелетінін атап өтті.
Депутат та осындай өтінішпен Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшысы Аида Балаеваға да жүгінді.
Ведомство дерегінше, өткен жылы құқыққа қайшы контент бойынша 67 471 факт анықталған. Мәдениет министрлігінің өкілдері, сондай-ақ, бірқатар платформа өкілдерімен кездесулер өткізілгенін, онда заңсыз контентті жедел және толық жою қажеттігі айтылғанын түсіндірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208429-uqk-basshysy-deputattyng-buryngy-saiasi-rezhimdi-daripteitin-video-turaly-saualyna-zhauap-berdi/