Қызылордада 120 млн теңгеге салынған Абай ескерткішінен ақау шықты
Жарияланған күні:
Былтыр Қызылордада бірнеше маңызды ескерткіштер, соның ішінде бірегейі саналатын "Абай" ескерткіші Жібек жолы даңғылы бойында салынған болатын.
Құрылысы жоғары қарқында жүргізілген ескерткіш толық біткенімен, бетіне ақ мата жабылып, салтанатты ашылу рәсімін күтіп әлі тұр. Ескерткішті тұрғызуға қалалық қазынадан 120 млн. теңге бөлінген болатын. Алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес ескерткіш биіктігі бес метрге жуықтайды.
Сонымен қатар ескерткіш жанына ұлы ақынның қарасөздері тасқа қашалып жазылып, айналасы абаттандырылып, жарықтандырылу көзделген. Мүсінші Мерген Қосжанов сол кездері ақын мүсінінің жоғары сапада жасалатынына сендірген еді.
Бұрынғы қала әкімі Мархабат Жайымбетов пен сол кездегі облыс басшысы Болатбек Қуандықовтың уақытында құрылысы жүргізілген бұл саябақ Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көпшілік көзайымына айналады деп күтілген еді.
Дегенмен қос басшы құрылысы бітсе де ескерткішті ашуға асықпай жүріп, басқа қызметке ауысып үлгерді. Қала тұрғындарына оның ашылмау себебін ашып айтпастан-ақ кетті. Ал жұртшылық күні кешеге дейін ұлы ақын атындағы демалыс орнын сырттай сүйсіне тамашалаумен жүрді.
Өз уақытында салынып біткен ескерткішті дер мезгілде пайдалануға бермеу себебі, ескерткіште үлкен кінәрат бар болып шықты.
Ескерткіштің әлі күнге дейін ашылмау себебін талқылаған кеңесте күтпеген жерден "Қызылорда су жүйесі" мекемесінің бастығы Мұратбек Өсербаев ескерткіштің астында 3 "водовод" бар екеніне тоқталып, Абай мүсіні осыған байланысты ашылмай тұрғанын айтты. Әлгі үш водоводтың біреуі алда-жалда жарылар болса, ескерткіштің су астында қалуы әбден мүмкін.
Сондықтан бұл жайға немқұрайлы қарап, ескерткішті аша салуға болмайды. Сонда дейміз-ау, бұл мәселені біле тұра бұрынғы басшылар мен құзырлы мекемелер неге қамсыз отырғанын түсіну қиын. Әлде бұл қаржы жымқырудың кезекті бір құйтырқы әрекеті болды ма екен. Төтенше жағдай орын алса, ескерткішпен қатар қыруар қаржыны да су шайып кетуі ықтимал.
Ескерткіш сәулетшісінің айтқандарына сенер болсақ, бірнеше мәрте жер бөлімінде болып, ескерткішті ол орынға орнатпау қажеттігін айтқан көрінеді. Алайда құзырлы орын тарапынан барлық мән-жайды біле тұра әлгі жерге ұлы ақынның мүсінін салуға рұқсат бере салыпты.
Ал енді бұл "ескерткіштің келешегі не болады?" деген сауалға жауап іздейтін болсақ, қаланың қазіргі басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тиісті шараларды дереу қолға алу қажеттігіне тоқталды. Оның өзінде де мүсінді басқа орынға ауыстыру жайы сөз болды. Яғни ескерткішке жұмсалған алдыңғы қаржы желге ұшты. Ал ескерткішті басқа орынға көшіру қосымша шығынға алып келетіні айтпаса да белгілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/253449-kyzylordada-120-mln-tengege-salyngan-abaj-eskertkishinen-akau-shykty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.