Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Несиесін төлемеген 62 жасар әйелді банк қызметкерлері далаға қуып шықты

Жарияланған күні:

Бизнесі мен пәтерінен айырылған алматылық зейнеткер Татьяна Аленкина үйсіз-күйсіз жанға айналды. 62 жасар әйел күні бойы көшеде жүріп, түнеу үшін кешкісін таныстарының үйін жағалайды.

Алматыда туысы жоқ Татьяна Аленкина 2008 жылы бизнес ашуға Алматы қаласындағы банктердің бірінен 35 мың доллар көлемінде несие алған. Балалар мен ересектерге арналған заттар мен ұсақ-түйек ыдыс-аяқ алып-сатумен айналысқан. Бірақ 2011 жылы бизнесі бір сәтте тоқырап, несие қайтарылмай қалады.

Зейнеткердің айтуынша, ол біреулердің алдауына түскен, ал бизнесті бірге бастаған танысы шетелге көшіп кеткен. Татьяна Аленкина банктің несиесін 2015 жылға дейін қайтаруға міндеттеме алған. Айына 750 доллар төлеп отырған зейнеткер әйел банкке 27 мың 800 доллар қайтарған.

"Банктің зейнет жасындағы адамға несие беруінің өзі үлкен қателік, ережеге қайшы емес пе. Оның үстіне банктің ақшасын үлкен пайызбен қайтарып келдім. Әлгі пайыздарды қосып есептесем, 40 мың доллардан асып кетеді екен. Яғни банктің негізгі қарызын қайтарып бердім. Енді пайызы ғана қалды", – дейді Татьяна Аленкина Азаттыққа.

Қарызын қайтаруға шамасы келмегендіктен, 2011 жылы банк несие мерзімін бір жылға ұзартып берген. Бірақ кейін айына 1 мың 500 доллардан қайтаруды талап еткен.

"Ақшаны қайдан аларымды білмей бір жыл қиналдым. Туысым жоқ. Жалғыз ұлымның өз отбасы бар. Мына қиындықтан қалай шығарымды, енді не істерімді білмеймін", – дейді Татьяна Аленкина.

Зейнеткер әйелдің несиені қайтара алмасын түсінген банк қызметкерлері оның үйіне келіп, пәтерін банкке беруді талап еткен.

"Бала күтушісі болып жалданып, жұмыс істеп жүргенмін. 2013 жылдың желтоқсанында банк қызметкерлері келіп, пәтерді босатуымды талап еткен кезде үйде кішкентай баланы қарап отырған едім. Олар баланы арбасына отырғызып, далаға шығарып тастады. Ал өзімді алпамсадай 10 жігіт көтеріп алды да, турасын айтқанда далаға лақтырып тастады", – дейді жасқа булыққан Татьяна Аленкина.

"ПӘТЕРДІ БІРЕУЛЕР ИЕМДЕНІП АЛДЫ"

Татьяна Аленкинаның таныстарының босағасын жағалап жүргеніне бір айдан асты. Қиындықтан шығар жол іздеген әйел өзі сияқты түрлі себептермен банк борышкерлеріне айналған жандармен бірге наразылық қозғалысына кірген. "Халыққа баспанасын қалдырайық" қоғамдық қозғалыс мүшелерімен бірге әділдік іздеп Астанаға да барған.

Қазір Татьяна Аленкинаның пәтері басқа біреулердің меншігіне өтіп кеткен. Әйелдің айтуынша, пәтерді аукционнан сату-сатып алу құжаттары жалған жасалған. Тиісті мекемелерге жазғанымен, сот шешімін орындаушылар мен прокуратураның қауқарсыздығынан ба әлде құлықсыздығынан ба, әйтеуір әйелдің жағдайын түсінуге ешкім тырыспаған.

"Менен ат-тондарын ала қашады. Пәтерімді сату туралы ешқандай құжатқа қол қоймағанымды еш жерде дәлелдей алмай жүрмін. Оны қайдан алғандарын білмеймін. Бәрі сыбайласып алған. Банк әу бастан менің банкрот болғанымды көздегені анық", – дейді зейнеткер әйел.

Адвокаттардың айтуынша (қазір ол екінші адвокатты жалдапты), істі оның пайдасына шешуге болатындай ешқандай дәлел жоқ. Банк қызметкерлері аралық сотқа жүгінуді ұсынады. Бірақ зейнеткердің оған ақшасы жоқ.

"Банкке "Қарызымның жартысынан көбін қайтардым ғой. Қалғанын 30 мың теңге зейнетақымды бірнеше жылға бөліп, төлейін" деп өтіндім. Бірақ олар менің өтінішіме құлақ аспады", – дейді Татьяна Аленкина.

Пәтерін сату туралы келісім-шартқа қол қойғанын Татьяна сотта бір-ақ естіген. Зейнеткер әйел "Мұның бәрі – пәтерімді иемденгісі келген банк қызметкерлерінің әрекеті. Әйтпесе басымдағы жалғыз баспанамды сатып нем бар" дейді.

"Осы Алматыда туып, өстім. Мына пәтерді 1995 жылы "Бюджеттік баспана" бағдарламасы бойынша алғанмын. Баспана кезегін 15 жыл күттім. Өмір бойы облыстық ауруханада медбике болып істедім", – дейді Татьяна Аленкина. 

62 жастағы зейнеткер әйел "Мұндай әділетсіздікке бірінші рет тап болдым. Адал өмір сүріп, ғұмырымда ешкімді алдап көрмеп едім. Ақыры мемлекетке де, қоғамға да қажет болмай қалдым" деп қынжылады.

Татьяна Аленкинаның бүкіл заты пәтерінде қалған. Пәтерден шығарып жіберген кезде киген киіммен әлі жүр. Киімін түнеген үйінде жуып алады. Бірақ ол "Таныстарым мені қашанға дейін түнетеді?" деп алаңдайды. Татьяна Аленкинаның мүддесін қорғаушы Сәбиттің (аты-жөнін толық атамауды өтінді) айтуынша, зейнеткер әйелдің пәтері сатылған аукцион әділ өтпеген. Аукционға үлестес тұлғалар қатысқан.

"Аукционда пәтер бағасы қай деңгейге дейін түсетініні туралы әлгі адамдар хабардар болған. Аукционда әуелі пәтер бағасы 80 мың доллар деп жарияланды. Қазір ол пәтер 110 мың доллар тұрады. Ал баға 35 мың долларға дейін түсіріліп, лотты осы сомаға жеңіп алған. Татьяна Аленкина аукцион өтетіні туралы ешқандай хабарлама қағазын алмаған1, – дейді Сәбит Азаттыққа.

Қазір бұл іс аудандық сотта жатыр. Сәбит несиені қайтара алмаған әйелдің пәтерін қиянатпен және әділетсіз жолмен тартып алғанын дәлелдемек.

"НЕСИЕ АЛАРДАН БҰРЫН ШАМАҢА ҚАРА"

Қарапайым адам мұндай жағдайға тап болса не істей алады? Алматыдағы Zertteu Research Institute қоғамдық ұйымы директоры, экономист Жәнібек Хасанның айтуынша, банктің бұл әрекеті этикаға сыймайды. Сарапшының айтуынша, банк зейнеткерге тәуекелмен несие берген. Оның сөзінше, бизнес жүргізу тәжірибесі де, негізгі капиталы да жоқ кәсіпкерге банк несие бермеуі тиіс еді.

"Ұлттық банк жанындағы қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғайтын комитетке шағымдануға кеңес беремін. Олар мына жағдайға араласып, байғұс әйелге көмектесуі тиіс. Банк несиені қайта қаржыландырып немесе пәтерді нарық бағасына сатып, зейнеткердің жағдайын ескеруі тиіс еді. Сатқаннан кейін банк өз ақшасын алып, қалған ақшаны зейнеткер әйелге қайтарып беруі тиіс еді. Банк икемге көнбеген, пайыздық мөлшерлемесін де азайтпаған. Пәтерді сату процедурасы ашық жүргізілуі тиіс, – дейді Жәнібек Хасан Азаттыққа.

Zertteu ұйымы директоры жұрт мұндай жағдайда пәтерінің қаншаға сатылатынын білуі тиіс деп есептейді. Ал несие алатын жандарға әуелі өзінің экономикалық жағдайын салмақтап алуға кеңес береді. Ол несие туралы келісім-шартты мұқият оқымай, асығыс-үсігіс қол қоя салуға болмайтынын ескертеді.

"Жұрттың көбі "келісім-шартқа қол қойсам болды, банкпен қарым-қатынасым бітеді" деп ойлайды. Соңғы нүктені төлем ғана қоятынын әу бастан ойлау керек", - дейді Жәнібек Хасан.

Несие алмас бұрын өзіңнің шамаңды, кіріс-шығысыңды есептеп алу қажет. Бірден банкке, несиеге жүгірмеу керек.

Zertteu Research Institute қоғамдық ұйымының директоры "Қазақстандықтар өзінің шығындарын есептемейді, қаржылық шамасын сын көзбен бағаламайды. Бізде қалтасындағыhttp://www.nur.kz/myadmin/articles/center.php?action=add# ақшасын санай білетін және санайтын адам аз. Қазақстан халқында несие мәдениеті деген жоқ. "Несиеден шаршау" деген түсінік бар, ол әдетте жеті жылдан кейін басталады. Бұл психологиялық мәселе болғандықтан, банктер халық арасында психологиялық тест жүргізуі тиіс" дейді.

Ал банк секторы өкілдері "бизнес-жобаларға қарыз алушының төлем қабілетін мұқият тексеріп, бағалап барып қана несие береміз" дейді. Мұндай дау туған кезде банкирлер "Коммерциялық банктер – экономиканың локомотиві. Егер несие бойынша қарыз көлемі шамадан тыс асып кетсе, банктің де, оның ізінше кәсіпорындардың да банкротқа ұшырау қаупі төнеді" деген уәж айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/298886-nesiesin-tolemegen-62-zhasar-ejeldi-bank-kyzmetkerleri-dalaga-kuyp-shykty/