Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

11 жыл үй кезегін күткен ақтөбелік ана тізімнен шығып қалды

Жарияланған күні:

Мүгедек ұлын тәрбиелеп отырған ақтөбелік тұрғын Шайзат Ыдырысова мемлекеттен пәтер алуға үмітті. Алайда, 11 жыл бойы баспанасын кеңейтем деп кезегін күткен ол өзінің жуырда тізімнен алынып тасталғанын білді.

Шайзат Ыдырысова көп балалы ана ретінде биыл пәтер алуы қажет еді. Өйткені, "тұрғын үй кезегінде бесінші болып тұрдым" деп ғаламтор желісі арқылы алған анықтамасын көрсетті. Енді, өзінің кезектен мүлдем алынып тасталғанына наразы, деп мәлімдеді Хабар арнасы.

"Балалардың жағдайын істейін деп үйімді кеңейтуді сұрадым. Енді қазір қиын. Балаларымыз да, қызымыз да жұмыссыз. Бәрі бірге тұрады", - дейді көп балалы ана Шайзат Ыдырысова.

Оның отбасында қазір барлығы 10 адам бар, 26 шаршы метр шағын пәтерде тұрып жатыр. Бәрінен де биыл 18 жасқа толған мүгедек баласы Анарбекке қиын. Ол туа бітті көз және буын ауруларына шалдыққан. 15-ке жуық операция жасалған, дегенімен аяғын әрең басады. Мектепке бармай, дәрісті үйде алып жүр. Қазір ҰБТ-ға дайындалуда.

Анарбектің асқақ арманы - жоғары білім алып, медицина маманы болу.

"Операция жасалған соң, жүруім қиындады. Тар бөлмеде ағам екеуміз ұйықтаймыз. Аяғым ауырады. Өзімнің бөлек бөлмем болса деп армандаймын", - дейді ІІІ топтағы мүгедек Анарбек Иденбаев.

Қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөлімінде үй кезегінде тұрғандарды қайта түгендеу жұмыстары басталған. 2012 жылдан бері заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай жеңілдік алатын топқа енгендер әр жылда қажетті құжаттарды жаңартып тұруы қажет. Ал, инвентаризация жұмысының нәтижесінде әзірге 1400-ден астам адамға пәтер берілмейтіні анықталған.

Сондықтан, осылардың қатарында кеткен Шайзат Ыдырысованың атында ескі де болса, екі бөлмелі пәтері болғандықтан, оған енді кеңейту кезегі бұйырмай тұр. Алайда, бұл шешімді сотқа беріп, шағымдануына толық құқығы бар, дейді жауапты мекеме басшылары.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөлімінің меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, Ідірісова Шайзаттың отбасында мүгедектер бар. Олар қазіргі таңда кәмелеттегі жастан шықты. Сондықтан, олар Халыққа қызмет көрсету орталығына жолығып, өздері документтерін, өзіне тапсыруға болады.

Жергілікті мамандардың айтуынша, енді тек Шайзаттың баласы мүгедек ретінде пәтер кезегіне тұра алады. Ал, ол үшінші топтағы мүгедек болғандықтан, муниципиалды тұрғын үй кезегіне тұра алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/313921-11-zhyl-yj-kezegin-kytken-aktobelik-ana-tizimnen-shygyp-kaldy/