Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздің білікті кадрлары жаппай шетелге кетіп жатыр

Жарияланған күні:

Еңбек нарығындағы жағдайдың ушыққанын Ұлттық экономика министрлігі ақыры мойындады. Бір қиыны отанын тастап, бөгде мемлекетке қоныс аударғандардың көбі техникалық мамандық иелері. Ал туған жерінен шапағат көрмеген тәжірбиелі кадрлардың орнын шаласауатты гастарбайтерлер басуда.

 Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Осының кесірінен ел экономикасы жапа шегіп жатыр. Өйткені сыртқа кеткендердің орнын жоғарғы білімі жоқ келімсектер толтыруда.

Сәті түссе, шетелге кеткісі келіп жүрген маманның бірі - Юлия Нагорнюк. АҚШ-та экономист мамандығы тәлім алған. Оқуын аяқтаған жылы Америкада қалуға ұсыныс жасалған екен. Бірақ, Юлия отанына оралуға шешім қабылдапты. Қазір онысына қатты өкініп жүр.

"Егер дәл осылай жұмыссыз жүре берсем, Араб Әмірліктеріне кететін шығармын. Сол жақтан жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Ал, Қазақстанда зейнетақы қорында жұмыс істедім. Бірақ, бұл қуанышым ұзаққа созылмады. Қорлар біріктірілген соң қысқарып қалдық", - дейді Юлия Нагорнюк.

Осындай себеппен шекара асқан отандастарымыздың саны соңғы 4 жылда 65 пайызға өскен. Бұл елімізге ағылған келімсектерден де көп. Бір өкініштісі, жайлы тұрмысты сырттан іздегендердің басым бөлігі техникалық, экономикалық және педагогикалық білімі барлар. Бұл мамандық иелері онсыз да тапшы.

Егер дәл осылай жұмыссыз жүре берсем, Араб Әмірліктеріне кететін шығармын. Сол жақтан жақсы ұсыныстар түсіп жатыр.

"Қазір Қазақстанның еңбек нарығында кәсіби мамандардың жаппай шетелге көшуі байқалады. Ал, керісінше, елімізге келіп жатқан сауатсыз, мүлдем мамандығы жоқ иммигранттардың саны артуда. Осыған байланысты мемлекет қып-қызыл шығынға батып отыр", - дейді  Ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәдина Әбілқасымова.

Есесіне, елімізге Қытай, Түркия, Украина, Өзбекстан және Үндістаннан келген келімсектердің қатары артып отыр. Иммигранттардың кәсіби мамандығы түгілі орта білімі де жоқ. Олардың басым бөлігі құрылыста жүр, сауда-саттықпен айналысады, одан қалса, жезөкшелікпен де күнелтіп жүргендер көп.

Қазір Парламент гастрабайтерлердің емін-еркін еңбектенуіне мүмкіндік беретін заңды қарап жатыр. Құжат күшіне енсе, олар табысының белгілі бір бөлігін мемлекетке салық ретінде төлейді де алаңсыз жүре береді.

Бірақ, шенеуніктер елімізге қара жұмыс күшінің қаптап, керісінше, жақсы мамандардың елден неге үдере көшіп жатқанын түсіндіре алмады. Есесіне мұның себебін сарапшылар жақсы біледі екен.

Айтуларынша, қазір әлемдік еңбек нарығының Қазақстан азаматтарына деген қызығушылығы артқан. Біз қадіріне жете алмаған қыз-жігіттерді шет мемлекеттер ғаламтор арқылы шақырып, таласа тармаса алып кетіп жатқан көрінеді.

"Өкінішке орай өзіміздің менталитетіміз бар, таныс-тамыр іздеп, солардың арқасында еңбекке өтеміз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Екінші жаһандану процесіне байланысы. Яғни, Қазақстан әлемдік еңбек нарығына білікті мамандарды беруіміз мүмкін. Бұл біздегі жұмысқа орналастыру мемлекеттік механизмдердің нақты түрде өзінің міндетін орындай алмай жатқаны", - дейдің тәуелсіз сарапшы Еркебұлан Аманғосов.

Өкінішке орай өзіміздің менталитетіміз бар, таныс-тамыр іздеп, солардың арқасында еңбекке өтеміз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Сыртқа кетіп жатқандардың көбі әлемнің беделді оқу орындарында білім алып келгендер екен. Олардың талап-тілектері де сәйкесінше жоғары болады.

Ал сарапшылардың болжамы көңіл көншітпейді. Айтуларынша, әлемдік еңбек нарығында біздің білікті мамандарға деген сұраныс артпаса, сейілмейді. Бұл - әлі талай тәжірбиелі кадрларымыздың өзінің емес, бөгде мемлекеттің дамуына қызмет етеді деген сөз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/340469-elimizdin-bilikti-kadrlary-zhappaj-shetelge-ketip-zhatyr/