8 баласымен жесір қалған келіншек шенділерден өзін мазақ етпеуді сұрады (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде көп балалы отбасы жейтін нан таппай отыр деп жазады аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Жесір келіншектің сегіз баласы нанға пияз қосып жеп, асқазандарын жұбатып отыр. Балалардың төртеуі мектепке барады, ал олардың қысқы киімдері де жоқ.
Айгүл Бермұхамбетованың қалаға көшіп келгеніне сегіз ай болды. Осыған дейін Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында тұрған. Жасы қырыққа жақындаған әйел «көптің көзіне түрткі болмайын» деп, қалаға келгенін айтады.
«Азаматымнан айрылдым, өміріміздің ауыр күндері сол кезде басталды. Балалар кішкентай болып, өзім де үйден шыға алмай қалдым. «Қазақ жесірін жылатпаған» деген сөз баяғының әңгімесі екен. Бүгінде жұбатпақ түгілі, мазақ қылады. Ақтөбе қаласының әкімдігіндегілер маған «Сегіз баласын асырай алмаған жесір әйел» деп қарайды. Олардың сөздерінен кірерге тесік таппай, жер боламын», - дейді Айгүл Бермұхамбетова.
Қайғыдан көкірегі қарс айрылған келіншек жылағанда өксігін баса алмады. Тұрмыс қиындығынан мүжіліп, қиын кезде қалаға келіп, аштан қаламыз ба деп қорқып отыр. Бірнеше рет қала әкімдігінен көмек сұрап, тауы шағылып қайтқан.
«Тоғыз құрсақ көтердім, бір балам шетінеді. Құдай көп көрмесін, сегіз баланы өсіріп отырмын. Үш жыл бұрын жолдасым қайтыс болды, кішкентайымыз ол кезде 1 жастан енді асқан болатын. Әкесі аңсап күткен жалғыз ұлының қылығын көре алған жоқ», - дейді ол.
Үлкен үш қыз студент. Өз күштерімен ақысыз бөлімге түсіп, аналарына көмек болып отыр. Қыздар сабақтан тыс уақыттарында әртүрлі жұмыстар жасауға дайын.
«Қалаға да осы қыздарым үшін келдім. Қыз бала болған соң далада жүріп, бір пәлеге ұрынып қалар деп қорықтым. Ұл болса, әр жерге барып, жұмыс істей берер еді... Кейде үйде ақша болмай, қыздарым сабақтарына бара алмай қалады. Жаңа екі үлкен қызым біреудің үйін әктеп, ақша тауып келеміз деп кетті», - дейді Айгүл.
35 жасында 8 баламен жесір қалған келіншек қазір 38 жаста. 17 жасында ана атанған ол тұрмыс қиындығын көріп келеді. Көп балалы ана 4 қызы баратын мектепте ақша жинаудың бар екенін айтады.
«Нанымызды әрең тауып отырғанда класс жетекшісі жаңа жылға 2000 теңгеден сыйлыққа ақша тапсыр деп жатыр. Оны қайдан табам? Мектеп әкімшілігі балаларыма көмек көрсеткен емес. "Мектепке жол" акциясы арқылы киім алып беруге де жараған жоқ. Қыздарым жалданып жұмыс істеп, киімдерін сатып алды. Бір баламды өзімнің шешем бағып отыр. Олар да асып-таспағанымен, қолынан келгенше киіндіреді. Шешеме де көмекші»,- дейді көп балалы ана.
Асыраушысынан айрылып, әкесіз жетім қалған балаларға 36 мың теңге және «Алтын алқа» үшін берілетін 12 теңге отбасы күнін көріп отыр. 30 мың теңгені пәтер ақысына береді. Қалғаны тамағы мен балаларының жол-пұлына кетеді.
Жесір келіншек жағдайын айтып, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуантқан Әлімовке де барған. Заңды алға тартқан шенеунік пәтер тарата алмайтынын айтып шығарып салыпты. Ресми жауабы да бар.
«Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімінде 16 мыңнан астам отбасы бар. Сіз кезек тізіміне 2011 жылдың тамыз айынан бастап «Көп балалы отбасылар» санаты бойынша тіркелгенсіз. Кезегіңіз №282 болып тұр. Заңда кезектен тыс баспана беру қарастырылмаған. Тұрғын үй кезек тәртібімен беріледі. Жауапқа қанағаттанбаған жағдайда сотқа шағымдануға құқылысыз», - дейді Ақтөбе қаласының әкімінің орынбасары Қуантқан Әлімов.
Жауап заңнан үзінді келтіріп, сауатты жазылған. Заңды алға тартқан шенділер мұқтаж жандарды жолатар емес. Тұрғындар Әміровтің қабылдауында болған келіншектердің жылап шығатынын да айтуда. Осыған дейін көмек сұраған 13 баланың анасын да «Саған 13 бала ту деген мен емеспін» деп шығарып салған.
Қала әкімінің орынбасары Әлімов келіншектер алдында мықтылығын көрсетіп отыр. Ал елбасы: «Мен кім-кімді де қызметке тағайындасам, оның жеміс əкелуін талап етемін. Адами қасиеттеріне де қарауға тырысамыз» деген болатын.
Ақтөбелік шенділер әзірге президенттің бұл сөзін еске алар емес.
Егер 8 баласымен үйсіз-күйсіз жүрген келіншекке көместем деушілер болса, байланыс нөмірі төмендегідей:
Айгүл Бермұхамбетованың байланыс нөмірі: 8 775 445 21 91
Есепшот нөмірі: 6762 0035 1954 2046
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/987702-8-balasymen-zhesir-qalghan-kelinshek-shend/