RU

Чемпиондар лигасы: "Барселона" өз алаңында ПСЖ-дан ірі есеппен ұтылды

Месси1
Фото: Rafael Marchante/Pool via Getty Images

Кеше түнде көптен күткен Чемпиондар лигасы 1/8 финалының алғашқы матчтары өтті. "Барселона" өз алаңында париждік ПСЖ клубын қабылдап, ірі есеппен ойсырай жеңілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Камп Ноу" стадионында өткен тартысты матчта есепті "Барселона" капитаны, әлемнің әйгілі футболшысы Лионель Месси 27-минутта ашты. Аргентиналық ойыншы он бір метрлік айып добынан мүлт кеткен жоқ.

Араға бес минут салып ойындағы есепті ПСЖ шабуылшысы Килиан Мбаппе теңестіріп кетті.

Қос команда өкілдері қанша шабуылдаса да бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.

Ойынның екінші жартысында Килиан Мбаппе командасын алға шығарды. 22 жастағы сұрмерген "Барселона" қақпашысы Тер Штегеннен 65-минутта айласын асырса, араға бес минут салып матчтағы есепті Мойзе Кин еселей түсті.

ПСЖ-ға дейін "Ювентус" пен "Эвертон" сапында доп тепкен италиялық шабуылшы бұл жолы баспен гол ұрды. Әріптесіне доп соғатын жағдай жасап берген Леандро Паредес.

Матчтың негізгі уақытының аяқталуына бес минут қалғанда Килиан Мбаппе хет-трик жасады. Голдық пас авторы - Юлиан Дракслер.

Осылайша, ойын 1:4 есебімен аяқталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1899337-cempiondar-ligasy-barselona-oz-alanynda-psz-dan-iri-eseppen-utyldy/