RU

Еділов: Кезінде Олимпиада чемпиондарын дайындадым деуге ұяласың

Фото
Фото: Азаттық рухы

Сидней олимпиадасында бокстан ұлттық құраманы жаттықтырып, былғары қолғап шеберлерін рингке алып шыққан бапкер Тұрсынғали Еділов қазіргі қазақ боксының жай-күйі туралы сөз қозғады деп хабарлайды Азаттық рухы.

Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы бүгінде шәкірт тәрбиесімен айналысып жүргенін жеткізді.

"Алматы қаласындағы Бесағаш деген өзім тұратын ауылдан шағын бокс залын ашқанмын.  Мұнда жатын орын, жаттығу залы бар. Залға Алматы облысынан, Атыраудан, сонау Йемен Республикасынан келіп жаттығатын балалар бар. Қазір 7 бала жатып дайындалады, жалпы саны 40-қа жуық шәкіртім бар. Бұдан бөлек, мектепте жұмыс істеймін", - деді Еділов.

Білікті бапкер ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген боксшыларды қадағалап жүретінін жасырмады және олардың бабында екенін жеткізді.

"Оларға қазір үздіксіз жаттығу, ерік-жігер және Олимпиада чемпионы боламын деген мақсат қажет. Қазақстанның бокс саласында тәжірибелі мамандар жетерлік, бәрі бір жолға қойылған. Біздің кездегі жағдаймен салыстырсақ, қазір әлдеқайда керемет.

Бекзат, Ермахандарды чемпиондыққа дайындап жүрген 90-шы жылдардағы жағдай басқаша еді. Ол кезде бізге қойылған талап өте қатаң болды. Одан бөлек, ол кезде жастардың патриоттығы мықты болған сияқты. Жеке бапкерлерге де өте көп еркіндік берілген еді. Қаржы қазіргідей болмаса да, спортшылардың да, бапкерлердің де боксқа, елге деген патриоттық махаббаты бөлек болғандай.

Оның үстіне, ол кезде ұлттық құрамадан Олимпиадаға кілең сайдың тасындай іріктелген жігіттер алынатын. Қазіргідей спорт қатты саясиланбаған. Қазір облыстардан сұрау көбейіп кеткен", - деді жаттықтырушы.

Еділов Олимпиадаға тағы барып, чемпион шығарғысы келетінін жасырмады.

"Қазір бапкерлер екі-үш дүркін чемпион шығарып жүр, неге маған шығармасқа? Бірақ жұмысыңа жүз пайыз беріліп, салаңның жанкүйеріне айналуға тұрмыстық жағдай мүмкіндік бере бермейді. Ол үшін бапкерлердің жағдайы жасалуы тиіс. Қазір кей спортшыларымызға үй, көлік, лауазымды қызмет беріп жатыр, бұл өте дұрыс. Сондай жағдай бапкерлерге де жасалуы қажет қой. Себебі біз де бар уақытымызды, бар күш-жігерімізді осы салаға жұмсаймыз. Бұрын заман басқа болды ма, әлде, біздің патриоттығымыз, спортқа деген жанашырлығымыз күшті болды ма, білмеймін", - деді ол.

Сонымен қатар, Еділов шәкірті Ермахан Ыбрайымовтың соңғы уақыттағы әрекеттері мен айтқан сөздері туралы не ойлайтынын сөз етті.

"Ермаханның әрекетіне қатысты пікір білдіру маған қиын. Олимпиада кезінде сол спортшылар елдің атағын шығарды ғой, қазір олар ешкімге керек емес болып қалды. БАҚ-қа олар жетіскеннен шығып жүр деп ойлайсыз ба? Олардың тарапына айтылып жатқан түрлі сындарды есту ауыр тиеді. Сол 90-жылдары "қалай да алтын керек, нәтиже көрсетіңдер" деп жан-жақтан талай қысым көрсетілді, олар сол кезде барын салып, ел үмітін ақтады.

Бір кездері Олимпиада чемпиондарына кез-келген есік ашық деп ойлайтынбыз, қарап тұрсақ олай емес екен. Қазір Олимпиада чемпиондарын саусақпен санауға болады ғой. Мемлекет өз кезегінде спортшылардың жағдайын жарысқа дейін де, жарыстан кейін де жасауы тиіс. Чемпион болу ол өте үлкен ерік-жігерді, ерен еңбекті талап етеді.

Қазір еңбек сіңірген бапкерлерге жалақысына он мың теңге қосады. Оны шәкірттері Азияны ұтқан бапкерлер де алып жатыр.

Жұмаділов, Ермахандар қазір не істеп жүр? Алматы мәслихатының депутаты деген соншалықты үлкен лауазым емес қой. Бір кездері Олимпиада чемпиондарын дайындадым деуге ұяласың, қазір 5-10 мың теңгеге шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Кейде сол 5 мың теңгені де бере алмайтындар бар. Біздің қазақ алтынның қадірін қолда барда білсе ғой дейсің", - деп сөзін қорытындылады Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1900750-edilov-kezinde-olimpiada-cempiondaryn-daiyndadym-deuge-uyalasyn/