RU

Василий Левит Токио Олимпиадасындағы бірінші кездесуде нокаутпен ұтылды

Боксер Василий Левит
Василий Левит. Фото: Photo by Ueslei Marcelino - Pool/Getty Images

Бокстан Қазақстан командасының тағы бір мүшесі Токио ойындарын аяқтады. 91 келідегі Василий Левит қарсыласынан нокаутпен ұтылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Василий Левит Токио Олимпиадасындағы алғашқы кездесуін испаниялық Эммануэль Рейеске қарсы өткізді. Рейес Испания намысын қорғайтын кубалық боксшы.

Екі спортшының арасындағы жекпе-жек небары бір жарым раундқа созылды. Бірінші раундта төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Испания өкіліне берген.

Екінші раунд басталған тұста қарсыласының ауыр соққы алған Левит құлап қалды. Төрешілер алдымен нокдаун есептеп, кейін нокаут болғанын анықтады да, кездесу тоқтатылды.

Осылайша, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит Токиодағы турнирден жүлдесіз қалды.

Айта кетелік, бүгін 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов те бірінші кездесуінде ұтылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1924216-vasilii-levit-tokio-olimpiadasynda-nokautpen-zenildi/