RU

"Ноғай бауырымыз жеңді": Ресейге "алтын" әперген Альберт Батырғазиев туралы не білеміз

Боксшы
Фото: РИА Новости / Рамиль Ситдиков

57 келіге дейін салмақ дәрежесінде өнер көрсететін ресейлік боксшы Альберт Батырғазиев Токио Олимпиадасының жеңімпазы атанды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ресейлік былғары қолғап шебері ақтық сында АҚШ спортшысы Дюк Рэганмен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы болды.

Осылайша ол Ресей құрамасына бокстан Токиодағы алғашқы алтын медальді сыйлады.

Айта кетейік, Дюк Рэган отандасымыз Серік Теміржановты жарыс жолынан шығарған еді.

Альберт Батырғазиев туралы не білеміз?

Альберт Батырғазиев - Ресей құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әуесқойлар арасында Ресейдің төрт дүркін чемпионы (2017, 2018, 2019, 2020). Кәсіпқойлар арасында екінші жеңіл салмақтағы WBA Asia нұсқасы бойынша Азия чемпионы.

Былғары қолғап шебері 1998 жылы 23 маусымда Дағыстанның (Ресей) Геметюбе ауылында дүниеге келген.

Ұлты ноғай. 6 жасында Дағыстаннан Нижневартовск қаласына қоныс аударған.

Ол сегіз жасынан бастап жекпе-жек өнеріне қызығушылық танытып, кикбоксингпен айналысқан.

Альберт аталған спорт түрімен тоғыз жыл айналысқан. Ал 2016 жылы Олимпиада ойындарына қатысуды мақсат етіп, спорт түрін ауыстырған.

Содан бері бокспен тұрақты түрде айналысып келеді.

2017 жылы бокстан Ресей чемпионатындағы алғашқы кездесуінде Батырғазиев 2016 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Владимир Никитинді, кейін финалда Артур Субханкуловты жеңіп, чемпион болды.

Сонымен қатар, чемпионаттағы ең үздік боксшы атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1925742-nogai-bauyrymyz-zendi-reseige-altyn-apergen-albert-batyrgaziev-turaly-ne-bilemiz/