Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балуандардың жеңілісі маған ауыр соққы болды": Нұрбақыт Теңізбаев күрестегі нәтиженің төмендеп кеткеніне ашынды

Опубликовано:

Нұрбақыт Теңізбаев
Нұрбақыт Теңізбаев: prosports.kz

Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев қазақ балуандарының екі Олимпиадада жүлдесіз қалуы ойлантатын жағдай екенін айтты. Балуанның мәлімдеуінше, бұл елдегі барша күрес қауымдастығы үшін белгі болуы керек. Бұл туралы спорт ардагері Ұлттық олимпиадалық комитеттің ресми сайтына берген сұхбатында айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Өзім күрескен грек-рим күресінен елімізден барған үш балуанымыздың жоқ дегенде біреуі жүлделі болады деп ойладым. Алайда, үш балуанымыз да бірінші айналымнан өтпеді. Бұл біз үшін ауыр соққы болды десем, еш қателеспеймін. Сол балуандарымыз ұтылғанда олимпиада аяқталғандай сезімде болдым. Спортшылар өздеріне артылған жүкті көтере алмады ма, әйтеуір, өздерін еркін сезінбеді, біз күткендей күрес көрсете алмады. Өткен іс өтті, енді алдағы Париж ойындарына дайындалу керек. Грек-рим күресінен екі Олимпиадада қатарынан жүлде жоқ. Бұл елдегі барша күрес қауымдастығына бір белгі болады деп ойлаймын", - дейді Теңізбаев.

Сондай-ақ, ардагер балуан грек-рим күресіндегі нәтиденің жыл санап төмендеп бара жатқанын тілге тиек етті.

"Грек-рим күресінде соңғы жылдары нәтиже ойдағыдай емес. Бапкерлер жұмыс істеп жатыр, жақсы балуандарымыз жоқ емес, бар. Әлем чемпионаттарында алтын алмасақ та, жүлдеге ілініп жүрміз. Жанкүйерлер алтынды ұзақ күткені де жасырын емес. Әр спортшыда немесе құрамада сәтсіздіктер орын алады. Сол сәтсіздіктерді сабақ ретінде ұғып, соны түзету бағытында жұмысты күшейту керек. Күрес әлемі өте қатты өзгерген. Тарихында балуан болмаған елдің ұл-қыздары чемпион атанатын күнге жеттік. Ал олардың жанында Қазақстанның күрес тарихы бай, сондықтан, осы дәстүрді жоғалтпай, тынбай еңбек етіп, чемпиондарды шығары кілтін табу керек. Сонда ғана біздің балуандарда жақсы нәтиже болады",- дейді Нұрбақыт.

Сөз соңында Нұрбақыт Теңізбаев командадағы өзгерістерге қатысты өз ойын айтты.

"Өзгерістердің болу-болмауы маған белгісіз. Токио олимпиадасынан кейін көп күттірмей әлем чемпионаты басталады. Биылғы әлемдік дода қазан айында Норвегия астанасы Ослода өтеді. Менің ойымша, өзгерістер болса да, сол әлем чемпионатынан кейін болар. Ал қазір балуандарымыз да, бапкерлеріміз де әрбір тетікке, әрбір детальға талдау жасау керек. Жаңа дүниені ойлап табудың қажеті жоқ, көптеген елдердің тәжірибесінен көріп, пайдалысын алып, жұмыс істеу керек деп ойлаймын", - деп қорытындылады балуан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1928881-baluandardyn-zenilisi-magan-auyr-soqqy-boldy-nurbaqyt-tenizbaev-kurestegi-natizenin-tomendep-ketkenine-asyndy/

pixel