Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайрат" тарихында алғаш рет Еурокубоктың топтық кезеңіне шықты

Опубликовано:

Алматылық клуб
Фото: vk.com/fckairat

Алматылық "Қайрат" Конференция Лигасының плей-офф кезеңінде Люксембургтің "Фола" клубымен ойнады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Командалар арасындағы алғашқы матч Эш қаласында өтіп, есеп "Қайраттың" пайдасына шешілді.

Алматылық клуб сырт алаңда жауапсыз төрт гол соғып, қақпасына тек бір доп өткізіп алған.

Кеше Алматы қаласындағы "Орталық стадионда" қарымта кездесу өтті.

Есепті "Қайрат" шабуылшысы Артур Шушеначев ойынның небәрі он екінші минутында ашып, командасын алға шығарды. Голдық пастың авторы жақында ғана оңтүстік астаналық ұжымның сапына қосылған Рикарду Алвеш.

Бұдан кейін де "Қайрат" шабуылын тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде матчтың 28-минутында аты аңызға айналған Вагнер Лав есепті еселеді. Бразилиялық сұрмерген "Фоланың" үш ойыншысын алдап өтіп, қарсыластың қақпашысынан айласын асырды. Оған да гол соғуға мүмкіндік сыйлаған Рикарду Алвеш.

Араға он минут салып Артур Шушеначев Вагнер Лавтың пасынан кейін есепті 3:0-ге жеткізді.

Бірінші таймның соңына қарай Мирза Мустафич "Қайрат" қақпасына айып алаңының сыртынан әдемі гол ұрып, айырмашылықты қысқартты.

Ойынның екінші кезеңінде қос ұжым қақпаның кілтін таба алған жоқ.

Осылайша, "Қайрат" пен "Фола" арасындағы қарымта кездесу 3:1 есебімен аяқталды.

Айта кетейік, алматылық клуб тарихта бірінші рет Еурокубоктык жарыстардың топтық кезеңіне жолдама алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1929140-qairat-tarixynda-algas-ret-eurokuboktyn-toptyq-kezenine-syqty/

pixel