RU

"Үй кезегінен алып тастапты": Пара-армрестлингтен әлем чемпионы баспанасыз жүр

Владимир Уфимцев
Владимир Уфимцев. Фото: altaynews.kz

Пара-армрестлингтен Азияның 5 дүркін жеңімпазы, әлем чемпионы Владимир Уфимцев саяжай паналауға мәжбүр. Себебі, басында баспанасы жоқ деп хабарлайды Хабар 24.

Владимир Уфимцев қазір Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы саяжайлардың бірінде тұрады.

Владимир 10 жыл бұрын зауытта жұмыс істеп жүріп қос бірдей аяғынан айырылған. Соған қарамастан еңбек етіп, отбасын асырап келеді. Тұрмыс тауқыметіне қарамастан, тауық, қаз асырап, өз күнін өзі көреді.

Ол үй кезегіне 2010 жылы тұрған. Алайда араға алты жыл салып, тізімде кейіндеп қалғанын білген.

"Мен үй кезегіне 2010 жылы тұрдым. Бірақ одан соң хабарын білмедім. Менімен бірге тұрғандарға пәтер бере бастаған соң келдім. Жаңадан салынған үйдегі тізімде менің аты-жөнім жоқ екенін айтты. Тіпті кезектегі тізімнен алып тастапты. Бұл 2016 жылы болатын. Сосын қайта үй кезегіне тұрдым", - деді армрестлинг спортынан әлем чемпионы Владимир Уфимцев.

Жалпы қазір Глубокое ауданында үй кезегінде 816 адам тұр. Мұнда көпбалалы отбасылар үшін жаңа үйлер салынып жатыр.

Бірақ Владимир Уфимцев ол санатқа жатпайды. Сондықтан аудан әкімдігі Владимирдің баспана мәселесін демеушілердің көмегімен шешуді жоспарлап отыр.

"Бізде ауданда құрылған арнайы қайырымдылық қоры бар. Сол қордан 3 миллион теңге бөлуді ұйғардық. Бірақ бұл қаржы жеткіліксіз болғандықтан, Өскемендегі ірі кәсіпорындарға көмектесуді өтінген едік. Бірақ ешкім қолдамады. Сондықтан мәселені шешудің басқа жолдарын қарастырып жатырмыз", - деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Елена Старенкова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1933634-ui-kezeginen-alyp-tastapty-para-armrestlingten-alem-cempiony-baspanasyz-zur/