RU

Рио Олимпиадасында Елдос Сметовтен жеңілген өзбекстандық дзюдошы спорттық жарыстардан шеттетілді

Диёрбек Урозбоев
Диёрбек Урозбаев. Фото: sports.uz

Дзюдодан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Диербек Урозбаевтан алынған допинг-тесттен тыйым салынған заттың табылуына байланысты, ол спорттық жарыстардан 3 жылға шеттетілді. Бұл туралы "ӨзА" мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық допингке қарсы агенттік баспасөз қызметінің хабарлауынша, дзюдодан 60 келіде ел намысын қорғайтын Диербек Урозбаев 2021 жылдың 6 мамырында маусымаралық кезеңде допингке қарсы тексеруден өткен.

Тест нәтижесінде спортшының Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің және Өзбекстанның ұлттық допингке қарсы ережелерінің 2.1-бабында көрсетілген допингке қарсы ережелерді бұзғаны, яғни тыйым салынған "Meldonium" затын тұтынғаны анықталған.

Аталмыш препарат тыйым салынған заттар тізімі – "S4 Гормондар мен метаболикалық модуляторлар" класына жатады.

Осы жағдайға байланысты Диербек Урозбаев спорттық жарыстардан 3 жылға шеттетілген. Дисквалификация 2021 жылдың 16 тамызынан 2024 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Диербек Урозбаев ширек финалда отандасымыз Елдос Сметовтен жеңіліп қалған еді. Алайда ол қола жүлде үшін белдесуде грузиялық дзюдошы Амиран Папинашвилиді жеңіп, үздік төрттіктің қатарынан көрінген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1938632-tanymal-ozbekstandyq-dzyudosy-sporttyq-zarystardan-3-zylga-settetildi/