RU

Теміртас Жүсіпов 33 жасында тұңғыш рет бокстан әлем чемпионатының финалына шықты

Теміртас Жүсіпов
Теміртас Жүсіпов: kfb.kz

Сербияның Белград қаласында бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекелері басталды. Шаршы алаңға бірінші боп шыққан қазақстандық Теміртас Жүсіпов әлем чемпионатының финалына өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Теміртас Жүсіпов жартылай финалда Беларусь өкілі, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Евгений Кармельчукпен кездескен болатын.

Жекпе-жек Теміртастың басымдығымен өтті. Қазақстандық боксшы қарсыластан бойының ұзындығын пайдаланып, ара қашықтықты жақсы сақтай білді.

Нәтижесінде, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Теміртас Жүсіповке берді. Финалда Теміртас таиландтық боксшы Виттучай Юрачаймен жұдырықтасады.

Айта кетелік, бұл Теміртастың әлем чемпионатындағы ең жоғарғы нәтижесі. Ол бұған дейін әлемдік сында жүлде алған емес. Қазақстанның бес дүркін чемпионы және Азия чемпионатының жеңімпазы Теміртас өз мансабында алғаш рет әлем чемпионатының финалына өтіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1940626-temirtas-zusipov-33-zasynda-tungys-ret-bokstan-alem-cempionatynyn-finalyna-syqty/