RU

"Гол салмай, қазынаға қол салады": Депутат футболға миллиардтап қаржы бөлуді тоқтатуды ұсынды

Қазақстан-Франция арасындағы матч
Қазақстан-Франция арасындағы матч. Фото: FRANCK FIFE/AFP via Getty Images

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса үкіметтен футбол клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтатуды талап етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Футбол федерациясының бас хатшысы кешегі баспасөздегі сөзінде "Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, қайдағы миллиардтар, 200 миллион теңге ғана алдық" деп жауап беріпті. Ал "жеңілістің себебі - жақсы футболшылардың тапшылығы" деп ақталуда.

Федерация "бюджеттен көп қаржы алмаймыз" дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес - 111, 2 млрд.

Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самрұқ-Қазынадан, демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, олардың есебі жоқ – өйткені ресми мәліметтер жоқ. Футбол әлемі бойынша  барлық анық ақпараты бар  transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша Қазақстан футболының бір жылдық бюджеті - 133 млрд теңге", - деді депутат.

Осы ретте, Қазыбек Иса халық қазынасы қазақ футболшысын дамытуға емес, шетелдік ойыншыны байытуға жұмсалып жатқанын атап өтті.

"ФИФА рейтингісі бойынша қазір Қазақстан 125 орында тұр. 2000 жылы 121 орында болғанбыз, сонда одан бері миллиардтар көбейген сайын дамудың орнына біз кері кетіп бара жатырмыз.

Ал ТМД елдеріндегі футбол бюджеті ең аз – Қырғызстан 96-орында. Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ!

Клубтардың әлемдік рейтінгісінде ешқандай клубымыз 100-діктің қатарына кірмейді. Ал 200-діктің соңында, 186-шы орында тек бір "Астана" клубы ғана бар.

Бірде бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы 500-дікке кірмейді. Бұл факті, 30 жыл бойы футболымыздың ешқандай дамымағанына дәлел. Ендеше, футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба?

Нәтижесіз футболға бөлінген 133 млрдқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді… Сондықтан, гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті", - деді Қазыбек Иса.

Осы ретте депутат кәсіби спорттың бизнес екенін айтты. Сөзінше, әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды.

Сондықтан, ол бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет деп санайды.

Айта кетсек, 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан футбол құрамасы Франциядан 0:8 есебімен жеңілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1942628-gol-salmai-qazynaga-qol-salady-deputat-futbolga-milliardtap-qarzy-boludi-toqtatudy-usyndy/