Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүректегі жара жазылған жоқ": Бүгін Денис Теннің өмірден өткеніне төрт жыл толды

Опубликовано:

Денис Теннің өмірден өткеніне төрт жыл толды
Денис Тен. Фото: instagram/tenis_den

Осыдан тура төрт жыл бұрын, 2018 жылдың 19 шілдесінде мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері Денис Тен өмірден өтті. Қарақшылар қолынан көз жұмған спортшының қазасына тек Қазақстан емес, әлемдегі спорт жанкүйерлері қайғырды. Таланты шексіз, тағдыры келте болған Денисті бүгінде барша спортсүйер қауым еске алуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан конькиге қызыққан ол алғашында Алматының сауда орталықтарындағы ақылы мұз айдынында сырғанап жүрді. Кейін баласының талантын байқаған анасы Оксана Денисті Мәскеуге жібереді. Мәнерлеп сырғанау спорты қарқынды дамыған Ресейде Денис спортшы ретінде қалыптаса бастады. Ол Татьяна Тарасова, Елена Водорезова сынды мықты мамандардан тәлім алып, уақыт өте келе Америкада жаттығуға көшкен.

Денис Тен өзінің қысқа ғұмырында бірнеше ірі жарысқа қатысты, оның ішінде, үш Олимпиада ойындарында бақ сынады. Алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында бақ сынап, 13-орын иеленді. Ал араға төрт жыл салып Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Бұл отандық мәнерлеп сырғанау спорты үшін тарихи медаль болатын. Өйткені, Дениске дейін ешбір қазақстандық спортшы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін алмаған. 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында жарақатынан толық айықпаған Тен қысқа бағдарламаны 27-орынмен аяқтады.

Денис әлем чемпионатында екі рет жүлдеге іліккен. Ол 2013 жылы Канадада өткен әлем біріншілігінде күміс медаль иеленіп, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріппен жазды. Ал 2015 жылы Қытайдың Шанхай қаласындағы әлемдік сында үздік үштікті қорытындылап, қола медальға қол созды. Бұдан бөлек, Денис Тен қысқы Азиада, Универсиада және төрт құрлық чемпионатында топ жарған.

Елімізге әлемдік спорт жұлдыздарын шақырып, мұзайдын шоуларын алғаш өткізген де Денис болатын. 2018 жылдың жазында да спортшы өзінің кезекті шоуын ұйымдастыруға дайындалып жүрген. Алайда 19 шілде күні қарақшылар қолынан жарақат алып, бірнеше сағаттан соң ауруханада жан тапсырды. Бүгінде Денистің өліміне кінәлілер жазасын өтеп жатыр.

Денис Теннің қазасы бүкіл әлем жанкүйерлерін есеңгіретті. Спортшыны соңғы сапарға шығарып салу үшін Алматыға мыңдаған жанкүйер жиналды. Оған ескерткіш орнатылып, Денистің атындағы халықаралық турнир ISU (Халықаралық конькимен жүгіру ұйымы) күнтізбесіне енді.

Бүгін Денис Теннің Instagram-дағы ресми парақшасында спортшыны сағынған жанкүйерлер өз естелігін бөлісуде. Денис ең соңғы рет 2018 жылдың 17 шілдесінде жазба қалдырған.

"Қатты сағындық", "Сен біздің жүрегіміздесің", "Сенсіз төрт жыл да зулап өте шықты. Төрт жыл бұрын сенің қазаңды естіп, тоқтамай жылап едім. Арада жылдар, айлар, күндер өтті. Ал жара әлі жазылған жоқ", - деп жазды желі қолданушылары.

Ал спорт журналисі Есей Жеңісұлы Olympic.kz сайтында жарияланған материалында Денистің мәңгі жеңіс биіне тоқталды.

" ...Адамның басына неше түрлі ой келеді... Сочи олимпиадасындағы қысқа бағдарламада Денис Тен Камил Сен-Санстың "Өлім биі" ("Пляска смерти") композициясына (қоюшысы Лори Николь) билепті ғой. Атауы қандай жаман еді... Бірақ Теннің ол биі қазақ спортының тарихында мәңгі жеңіс биі болып қала береді", - деп жазды журналист.

Денисті Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының алғашқы қарлығашы деп атауға толық негіз бар. Теннің жеңісінен соң қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасындағы әлем чемпионатының, Михаил Шайдоров жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1979115-zurektegi-zara-zazylgan-zoq-bugin-denis-tennin-omirden-otkenine-tort-zyl-toldy/

pixel