Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кениялық басшы қарсы болған": Қазақстанға әлемнің алтынын сыйлаған Нора Джеруто туралы не білеміз

Опубликовано:

Әлем чемпионы Нора Джеруто туралы не білеміз
Нора Джеруто. Фото: instagram/jerutonorah

АҚШ-тың Юджин қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан тарихи жетістікке қол жеткізді. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден кениялық легионер Тануи Нора Джеруто топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі әлем чемпионының Қазақстанға қалай келгені туралы мәліметті назарларыңызға ұсынады.

Нора Джеруто Өскеменде құрылған "Алтай атлетикс" клубының шақыртуымен Қазақстанға 2018 жылы келді. Норамен бірге тағы үш спортшы және бір жаттықтырушы ел азаматтығын алған. Азаттық сайтының хабарлауынша, кениялық атлеттер Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметовтің бастамасымен шақырту алған. Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының заңына сәйкес, азаматтығын ауыстырған спортшы үш жылға дейін карантинде отырады. Сол себепті, кениялық легионерлер 2022 жылдан бастап Қазақстан атынан әлемдік жарыстарға қатыса бастады.

Нора биылғы маусымды сәтті өткізуде. Ол жеңіл атлетикадағы ең беделді турнирлердің бірі - "Гауһар лигасының" АҚШ-та өткен кезеңінде топ жарды. Одан бөлек, спортшы Қазақстан кубогі мен чемпионатында, Ольга Рыпакова атындағы халықаралық турнирде жеңіске жеткен. Юджиндегі әлем чемпионатының финалында ол Эфиопияның екі спортшысын артта қалдырып, мәреге бірінші болып жетті. Бұл Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихында әлем чемпионаттарынан алынған алғашқы медаль. Олимпиада чемпиондары Ольга Шишигина мен Ольга Рыпакова және Олимпиада жүлдегері Дмитрий Карповтар әлемдік сында алтын алмаған. Тек 2010 жылы Рыпакова Дохада өткен жабық ғимараттағы әлем біріншілігінде ел әнұранын шырқатты.

Азаттыққа сұхбат берген Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Павел Кукин кениялықтардың неліктен елімізге келгенін түсіндірді.

"Қазақстанға келген кениялық спортшылар жоғары нәтиже тіркеп, отандық жас атлеттерге жігер беруде. Елімізде бәсекелестік артқаннан кейін алыс және жақын қашықтықтардағы Қазақстан рекорды жаңарды. Ал кейбір рекордтардың жаңармағанына 20 жылдан асып кеткен", - дейді Кукин.

Жеңіл атлетика федерациясының мәліметінше, кениялық спотшылар "Алтай атлетикс" клубының сапында айына 350-750 мың теңге аралығында жалақы алып отырған. Ал әлем чемпионатындағы жеңісінен соң Нораға қанша сыйақы берілетіні белгісіз.

Нора Джеруто 1995 жылы 2 қазанда Кенияда дүниеге келген. Жеңіл атлетикадағы мансабы 2011 жылы басталған. 2016 жылы Кения құрамасының сапында Африка кубогін иеленген. Спортшы "Гаухар лигасының" алты кезеңінде топ жарып үлгерді. "Спорт Экспресс" мәліметінше, Нораның азаматтық ауыстыруына Кения жеңіл атлетика федерациясының басшысы қарсы болған. Алайда қиындықтарға қарамастан, Нора Қазақстан азаматтығын алып, елімізге әлем чемпионатының алғашқы алтынын сыйлап отыр.

Юджиндегі әлем чемпионатына Қазақстан атынан үш кениялық спортшы қатысуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1979474-keniyalyq-bassy-qarsy-bolgan-qazaqstanga-alemnin-altynyn-syilagan-nora-dzeruto-turaly-ne-bilemiz/

pixel