Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзіміз жүгіретін болсақ, қайда қалдық": Мамандар алтын медаль алған кениялық атлеттің жеңісін сынағандарға жауап берді

Опубликовано:

Сарапшылар кениялық атлеттің жеңісіне қатысты ойын айтты
Нора Джеруто. Фото: qazathletics.kz

Өткен апта Қазақстан атынан сынға түсетін кениялық желаяқ Нора Джерутоның жеңісімен есте қалды. Төрт жыл бұрын біздің елдің азаматтығын алып, әлем чемпионатында топ жарған атлеттің жеңісін жанкүйерлер әрқилы қабылдады. Бірі тарихи жеңіс үшін қуанса, енді бірі легионерлерден гөрі, өз спортшыларымызға қолдау көрсету керектігін айтады. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі мамандардың пікірін сұраған болатын.

Белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлеймен жеңіл атлетикадан легионер шақыруға еш қарсы емес.

"Жеңіл атлетика - Олимпиада ойындарында ең көп медаль тарататын спорт түрі. Олимпиадада жеңіл атлеттер жалпы есебі 48 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұдан кейін 32 жүлде жиынтығын жеңімпаздарға таратып беретін жүзу спорты ғана тұр. Демек, медальді көп беретін жеңіл атлетикадан легионерлер келіп жатса, еш сөкеттігі жоқ. Бірақ күрес, бокс, ауыр атлетика сынды өзіміздің оң жамбасымызға келетін спорт түрлерінен шетелдіктерді шақыртуға түбегейлі қарсымын. Ал жеңіл атлетикадан Нора Джерутоның жеңісін сынап жатқандарға айтарым бар. Осы уақытқа дейін Қазақстан жеңіл атлетикадан санаулы ғана жүлде алды. Басқа басып озып жатқан кім бар? Неге мықты болсақ, жүгіруден қазақ баласынан чемпион шықпады? Бұл спорт түрінен осындай легионерлерді тарту арқылы, жеңіл атлетикаға серпін бере аламыз", - дейді Ғалым Сүлеймен.

Спорттық күрестен Қазақстан командасының бұрынғы мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Шолпан Мансұрова да кениялық легионердің жеңісі отандық спортқа серпін береді деген пікірде.

"Қазір еліміздегі жеңіл атлетика үлкен өзгерістерді қажет етеді. Бізге көшбасшы керек, жастар бой түзейтін тұлғалар керек. Мәселен, Елена Рыбакинаны алайықшы. Еленаның "Уимблдондағы" жеңісінен кейін өзім тұратын Қостанай қаласында тенниске деген қызығушылық артқанын байқадым. Тіпті, күйеуім де қолына ракетка алып, кортқа барып жүр. Теннис ойнағысы келетіндер өте көп. Демек, Рыбакинаның жеңісі отандық спорт жанкүйерлеріне үлкен күш берді, сенімділік сыйлады. Жеңіл атлетикадағы жағдай да осындай. Нора Джеруто үшін өте қуаныштымын, кіл мықтылар арасынан озып шықты. Оның жеңісі көптеген қазақ жастарына үлгі болары сөзсіз. Қазір отандық жеңіл атлетикада жаңа есімдер жоқтың қасы. Менің сыңарым Айман Ратова, Галина Якушева сынды атлеттер жастардың жоқтығынан, құрамада әлі жүр. Ал кешегідей жеңісті сәттер жас спортшылардың жеңіл атлетикаға көптеп келуіне көмектеседі", - дейді Шолпан.

Ал Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бұрынғы бас хатшысы Алексей Кондрат Қазақстанда тұрмайтын, Кенияда жаттығатын атлеттер біздің спортқа көмектеседі деген пікірмен келіспейді.

"Мен Нора Джерутоның жеңісіне қуаныштымын. Оның спортшы ретінде қандай жолдан өткенін білемін. Қазақстанға 2017 жылы келіп, ел азаматтығын алу үшін қанша жыл күтті. Өйткені, азаматтық ауыстырғанда үш жыл карантинде отыру керек. Джеруто бастаған үш-төрт спортшы осы карантин кезінде екі әлем чемпионатынан және Токиодағы Олимпиада ойындарынан қалып қойды. Ол Қазақстан атынан сынға түсу үшін спорттық мансабының біраз жылын құрбан етті. Бұл жағына сөзім жоқ. Бірақ аталған спортшылар Қазақстанға тек ел чемпионатына, Рыпакова атындағы турнирге қатысып кету үшін келеді. Қалған уақытта олар тек Кенияда жаттығады, сол жақта тұрады. Ал Кенияда жаттығатын, сол жақта жүріп-тұратын атлеттер біздің жас спортшыларымызға үлгі болып, жігер береді деп айта алмаймын", - дейді Кондрат.

Айта кетелік, Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы атанды. Бұл Қазақстанның жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы медалі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1979998-ozimiz-zugiretin-bolsaq-qaida-qaldyq-mamandar-altyn-medal-algan-keniyalyq-atlettin-zenisin-synagandarga-zauap-berdi/

pixel