"Үндемей отыра алмаймын": Бокстан Олимпиада жүлдегері Надежда Рябец командадағы жанжалдың шетін шығарды

Опубликовано:

Надежда Рябецтің жеңіске жеткен сәті
Надежда Рябец. Фото: olympic.kz

Бокстан жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері, Токио Олимпиадасының қатысушысы Надежда Рябец тағы бір даудың шетін шығарды. Ол әділдікті талап ететінін айтып, бапкерлерге үндеу жасады, деп жазады Bassport.kz.

Надежда Рябец Қазақстан құрамасындағы ішкі жағдай туралы мәлімдеме жасады.

"Әділдікті талап етемін.

Мен еліміздің намысын бірнеше рет қорғаған спортшы, әлем, Азия чемпионымын, жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері, қыздар командасындағы Токио Олимпиадасының жалғыз қатысушысы ретінде сіздермен бокстан Қазақстан Республикасының әйелдер құрамасындағы әділетсіздікпен бөліскім келеді.

Біздің құрамада спорттық принциптер жоқ.

Жақында Иорданияда әйелдер арасындағы бокстан Азия чемпионаты басталады. Құрам әлі жасақталмады. Бүкіл құрама бас бапкердің ниеті мен қалауынан хабардар. Алдағы жиындарда үздіктерді анықтайтын спаррингтер өткізілмеген. Чемпионатқа баратын кейбір спортшылар жаттығу жиындарына мүлдем қатыспайды.

Бейнежазбада менің 66 келі салмақта Азия чемпионатында өнер көрсететін Мадина Нұршаевамен жұдырықтасқан сәтімді көрсеңіздер болады.

Оның дұрыс дайындығы жоқ. Бірақ жарысқа неге аттанады деп ойлайсыздар? Жауап айқын: ол – бас бапкердің шәкірті. Бас жаттықтырушының жеке амбициясы ұлттық мүдделерден жоғары.

Мен үндемей отыра алмаймын. Бұл бейберекетсіздік ерте ме, кеш пе тоқтау керек. Ұлттық құрамада тәртіп орнататын адам болады деп сенемін. Күш шындықта!",- деді спортшы.

Айта кетелік, бұған дейін Қазақстан әйелдер командасының мүшелері Назым Қызайбай мен Ангелина Лукастың арасында дау туындаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1990986-undemei-otyra-almaimyn-bokstan-olimpiada-zuldegeri-nadezda-ryabec-komandadagy-zanzaldyn-setin-sygardy/