Абайсызда көзінен ауыр жарақат алған отандық балуан кілемге қашан оралатынын айтты

Опубликовано:

Мейіржан Шермаханбет көзінен жарақат алып қалды
Мейіржан Шермаханбет. Фото: olympic.kz

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Мейіржан Шермаханбет жарақатынан соң құрамаға қашан оралатынын айтып, шағын сұхбат берді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Еске сала кетейік, Мейіржан биыл Белградта өткен әлем біріншілігінен шет қалды. Бұған балуанның тосыннан жарақат алып қалғаны себеп болған.

Командамен баскетбол ойнап жүргенде Мейіржанның көзіне байқаусызда басқа ойыншының қолы кіріп кетті. Осының салдарынан, спортшының көзінің көруі нашарлаған. Содан соң, Мейіржан Шермаханбет Үндістанда көзіне ота жасатып, елге оралды. Өкініштісі сол, осы кезеңде әлем чемпионаты өтіп кеткен еді.

"Әлем біріншілігін тамашаладым. Барлық салмақты көріп шықтым, 67 келіге ерекше мән беретінім түсінікті. Бұл салмақта жеңімпаз атанған, жүлдеге іліккен балуандардың барлығын да ұтқан екенмін. Сербиялық чемпион Мате Немеш те, күміс жүлдегер Гераи де жеңуге болатын балуандар. Бұйырса, тезірек қалыпқа келіп, әлемдік жарыстарға қатысамын деген мақсат бар. Менің ең үлкен арманым – Париж Олимпиадасына қатысып, чемпион атану", - дейді Мейіржан.

Жақында бас бапкер Мейіржанның құрамаға оралатынын айтқан еді. Мұны спортшы да растады. Алайда, әлі уақыт керек.

"Команданы, жаттығу жиындарын, кілемді сағындым. Қазір көзім жақсы. Бірақ ақпан айында қайтадан Үндістанға барып, тексертуім қажет. Содан кейін ғана жаттығуға толыққанды қосыламын. Сол күннің тезірек келуін күтіп жүрмін", - дейді балуан.

Мейіржан Шермаханбет 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1993900-abaisyzda-kozinen-auyr-zaraqat-algan-baluan-kilemge-qasan-oralatynyn-aitty/