Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

26 жасында Түркия құрамасының бас бапкері атанған қазақ баласы туралы не білеміз

Опубликовано:

Артур Сұлтанғалиев борт жанында
Артур Сұлтанғалиев. Фото: Сали Сабиров

Өткен демалыс күндері Алматыда шорт-тректен әлем кубогының ІІІ-IV кезеңдері аяқталды. Аталған додада 30 елдің спортшылары бақ сынады, оның ішінде Түркия ұлттық құрамасы да бар. 2014 жылдан бері Түркия командасын қазақстандық маман Артур Сұлтанғалиев жаттықтырып келеді, - деп хабарлайды Bassport.kz.

Артур Сұлтанғалиев шорт-тректен Қазақстан командасы сапында бірнеше жыл өнер көрсеткен. Кейін жарақаты сыр беріп, мансабын аяқтайды. Ал 2014 жылдан кейін оны Түркия құрамасы бапкерлік қызметке шақырған.

"Сочи Олимпиадасынан кейін тіземнен жарақат алдым. Түркия сол жылы шетелден бас бапкер іздеген. Біз жыл сайын жазда Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізетінбіз. Сол кезден бастап олар мені танып, зерттей бастаған. Жарақат алғаннан кейін мені бас бапкер қызметіне шақырды. Сөйтіп, 2014 жылдың тамыз айынан бері түрік шорт-трекшілерін дайындап жүрмін. Қазіргі спортшылар ол кезде шорт-трекпен енді айналыса бастаған кішкентай бала еді. Арада 8 жыл өтті, қазір сол балалар өсіп-жетіліп, бүгінгі нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Осы үшін өте ризамын. Бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенемін және қазір осы үшін жұмыс істеп жатырмыз", - дейді Артур.

Қазіргі таңда Артудың шәкірттері жақсы нәтиже көрсете бастады. Мәселен, Бейжің Олимпиадасында түрік спортшысы тұңғыш рет шорт-тректен алғашқы алтылыққа енді.

"Бейжің Олимпиадасында Фуркан Акар 1000 метрге жүгіруден алтыншы орынға тұрақтады. Бұны 80 жылдағы тарихи жетістік десем де болады. Өйткені Түркияда қысқы спорт кенжелеп қалған. Түркиядан қысқы Олимпиада ойындарына тек 6-7 спортшы лицензия алады екен. Сол үшін мұндай нәтижені ешкім күткен жоқ. Жаздағы жақсы дайындық Олимпиададағы нәтижеге әсер етті. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның өзі бізді осы жетістікпен құттықтады. Енді 2026 жылға дейін тәжірибе жинауымыз керек", - дейді Артур.

Артур Сұлтанғалиев жылына бір рет ата-анасына келіп тұрады және ұлының Қазақстан атын шығарғанын қалайды.

"2 қызым, 2 ұлым бар. Спортқа бейім. Өздері шорт-трекпен айналысқылары келеді. Бірақ түркиялық бапкерлердің біліктілігі төмендеу, сондықтан оларды өз қол астымда тәрбиелеуді жоспарлап жүрмін. Мен жарыста болғанда, теледидардан көріп, қолдау көрсетеді. Түркия мен Қазақстанға қатар жанкүйер болады. Жарыс көріп өскендіктен, шорт-трекпен айналысқылары келеді. Бірнеше рет өзіммен бірге мұзға алып бардым. Үлкен ұлымның шорт-трекпен айналысқанын қалаймын және өзім оның жеке бапкері болғым келеді. Халықаралық жарыстарда өз отанымыз - Қазақстанның намысын қорғағанын қалаймын", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2002638-26-zasynda-turkiya-quramasynyn-bas-bapkeri-atangan-qazaq-balasy-turaly-ne-bilemiz/

pixel