Алматы облысында болған жол апаты салдарынан "Жетісу" мен "Бәйтерек" футбол клубының бұрынғы футболшысы 26 жастағы Әлібек Батырбеков қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайына қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Желіде Алматы облысындағы жол апаты түсірілген видео пайда болды. Видео астындағы жазбада Шеңгелді ауылының маңында болған жол апаты салдарынан футболдан балалар жаттықтырушысы қаза тапқаны жазылған.
Сондай-ақ Жетісу облысының бұрынғы футболшысы, балалар мен жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Әлібек Батырбековтың қайтыс болғаны белгілі болған.
Желі қолданушылары марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтқан.
Ақпаратты Алматы облыстық ПД растады. Ведомствоның хабарлауынша, 18 шілде күні сағат 18:20 шамасында 26 жастағы "Тойота" жүргізушісі Алматы-Өскемен тас жолымен келе жатып, 109-километрде рөлді басқара алмай қалып, кедергіге соғылған.
Облыстық полиция департаментің ақпаратынша, жүргізуші алған жарақаттарының салдарынан жансақтау бөлімінде көз жұмған. Жарақат алған екі жолаушы Қонаев қаласындағы ауруханаға жатқызылған.
"Аталмыш факті Қылмыстық кодестің 345-бабының 3-бөлігі бойынша Қонаев ПБ-да тіркелді. Сараптама тағайындалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - деп хабардар етті облыстық ПД өкілдері.
Әлібек Батырбеков - "Жетісу" футбол клубының тәрбиеленушісі. Елордалық "Бәйтерек" футбол клубында ойнаған. Ол 2012 жылы Алматы облысынан Бразилияда "Оле Бразил" бағдарламасы бойынша білім алған төрт жігіттің бірі болды. Соңғы жылдары Талдықорған қаласында футболдан балалар жаттықтырушысы болып қызмет атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2029285-almaty-oblysynda-26-zastagy-eks-futbolsy-zol-apatynan-qaitys-boldy/