Бүгін бокстан қазақ қыздары арасында шыққан тұңғыш әлем чемпионы Назым Қызайбай журналистермен кездесті деп хабарлайды NUR.KZ.
Кездесу барысында Назым алдағы жоспарларымен бөлісіп, Олимпиада ойындарына қатысуды мақсат етіп отырғанын айтты.
«Дәл қазір Қытайда өтетін лицензиялық бәсекеге дайындалып жатырмын. Бұйырса Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын абыроймен қорғағым келеді», - деді Назым.
Сондай-ақ, Назым Қызайбай өзінің жұдырықтасу стиліне де тоқталды.
«Бір боксшы алдыңғы планда, біреуі артқы планда жұмыс істеуге ыңғайлы. Біреу оң қолмен, біреу сол қолмен ұруға ыңғайлы. Мені әмбебапсың дейді. Өйткені барлық әдіс-тәсілді қоддануға, үйренуге тырысамын», - дейді әлем чемпионы.
Сонымен қатар, боксшы үлкен спортта өзі үлгі тұтатын спортшы қыздарды да атап өтті.
«Мен үшін әйел боксшылардан индиялық боксшы, әлемнің бес дүркін чемпионы, Олимпиада жүлдегері Мэр Ком, ирландық боксшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Кэти Тейлорды үлгі тұтамын. Қазақстандық Марина Вольнованың ерік-жігері ұнайды. Өкінішке қарай ол боксты тастап кетті. Өзімнің құрбым Рано Пархатованың техникасы ұнайды», - дейді ол.
Сондай-ақ, Назым қоғамдық орындарда өзінің танымалдығын пайдаланғысы келмейтінін де жасырған жоқ.
«Қоғамдық орындарда танымалдығымды пайдаланған кезім болмады. Жақында құрбым жол ережесін бұзып, жол полициясы тоқтатқан. Инспектордың біреуі мені танып, боксшы қыздар ғой деп жібере салды. Танымалдылық көмектеседі, бірақ, пайдаланбауға тырысамын», - деді боксшы.
«Жарнамаға түскен соң «жұлдыз ауруына» шалдықпадың ба деп сұрап жатады. Меніңше ешқашан «жұлдыз ауруымен» ауырмаймын. Көшедегі адамдар таниды. Жарнамадағы боксшы қызға ұқсайсың дейді. Суретке түседі. Бір-екі рет пойызда кетіп бара жатқанда танып, Назымсың ба деп сұрап, суретке түсті. Әсері әрине қызық. Бірақ, мен ешқашан «жұлдыз ауруына» шалдықпаймын», - дейді бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі.
Спортшы қанша жерден өзіне сенімді болса да, шаршы алаңға шығарда кішкене қобалжу болады. Мұны Назым да растады.
«Жаттығуда бәрі дұрыс болғанымен боксшылар арасында рингте қорқып, қалтырайтын кездер жиі кездеседі. Оған жол берсең, жеңіліс жақын. «Бізде бокс шахмат емес, мұнда ойлай білу керек» дейтін. Жеңіліссіз жеңіс болмайды. Тайсонның да жеңілген кезі болды ғой. Рингте қатты таяқ жеген кезім болған жоқ. Бокстан кеткім келген кез де болмады», - деді чемпион.
Боксшы бос уақытында сурет салып, гитара тартқанды, достарымен қыдырғанды ұнататынын айтты.
«Қазір бос уақытым жоқ. Қолым тие қалса үйге, ата-анама баруға тырысамын. Үйде сирек боламын. Көбіне жаттығу, жарыстарда жүремін. Қазақстан чемпионатынан келгелі үйге барған жоқпын», - дейді ол.
Еске салайық, Назым Қызайбай бокстан 2014 жылғы әлем чемпионы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1063069-bokstan-alem-chempiony-eshqashan-zhuldyz/