Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жанқош Тұраровтың рингке қай күні оралатыны және келесі қарсыласының кім екені белгілі болды.
Айта кетейік, боксшы 2019 жылдың шілдесінен бері шаршы алаңға шыққан жоқ.
Sports.kz порталының мәліметінше, Жанқоштың келесі жекпе-жегі 12 наурызда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтпек.
Қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыласы британдық Тайрон Маккенна.
Ол 21 жеңіске жетіп, екі рет жеңіліс тапқан. Ал Жанқош мансабында 24 рет жеңіске жеткен.
Басылым жазуынша, жекпе-жек 10 раундқа есептелген.
Соңғы рет Жанқош Тұраров 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өнер көрсетті. Сол жекпе-жекте қазақстандық боксшы бірінші жартылай орта санаттағы WBO Inter-Continental чемпионы атағын жеңіп алды.
Еске сала кетсек, желіде Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Зәкіриянов пен Жанқош Тұраровтың жабайы аңдардың терісімен түскен суреті тараған еді.
Боксшы суретті желіден өшіріп тастағанымен, фото желі қолданушыларының арасында үлкен резонанс тудырды.
Кейінірек Қайрат Зәкіриянов бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.
Айтуынша, желіде тараған суретте барыстың муляжы бейнеленген. Оны туған күніне сыйға тартқан. Ал оның қасындағы сілеусін, ол Қызыл кітапқа енбеген, оны да туған күніне сыйға тартқан екен.
Ал арыстанды үш жыл бұрын Оңтүстік Африка Республикасында өзі аулағанын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1895168-zankos-trarovty-kelesi-karsylasyny-esimi-anyktaldy/