Boxrec.com салмақ дәрежесіне қарамастан (pound-for-pound) ең үздік деп танылған боксшылардың тізімін жасады деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Америкалық Флойд Мейвезер бокс тарихындағы ең үздік боксшы деп танылды. Ал екінші орынға Эззард Чарльз, үшінші орынға Мэнни Пакьяо жайғасты. Арчи Мур, Рэй Робинсон, Джо Калзаге, Хуан Мануэль Маркес, Бернард Хопкинс, Андре Уорд және Владимир Кличко ТОП-10 қатарына енді.
Қазақстандық чемпион Геннадий Головкин болса, 13-орында тұр. Ол Мұхаммед Әли, Оскар де ла Хойя және Рой Джонс сияқты аты аңызға айналған боксшыларды басып озған.
Айта кетсек, 39 жастағы Головкин IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.
Еске салсақ, бұған дейін IBF бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, КО) WBA суперчемпионы жапондық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) желтоқсандағы бірлескен жекпе-жектен бас тартпайтынын жазған едік. Бірақ қазақстандық боксшы алдымен өз еркімен чемпиондық атағын қорғамақ.
Uol.com бразилиялық сайтының дерегіне сай, боксшы 2012 жылғы Олимпиада жүлдегері кәсіби алаңда жеңіліп көрмеген IBF рейтингісінде 5-нөмір саналатын бразилиялық Эскива Фалькаомен (28-0, 20 КО) айқаспақ.
Жекпе-жек тамыз айына жоспарланып отыр, дегенмен нақты күні белгісіз. Фалькао промоутер Боб Аруммен (Top Rank), Головкин Эдди Хирнмен (Matchroom Boxing) жұмыс істейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1912765-golovkin-en-uzdik-bokssylar-reitinginde-muxammed-alidi-basyp-ozdy/