Бокстан Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласында бокстан Азия чемпионатының алғашқы финалдық бәсекесі аяқталды. Алдымен құрлық додасының алтынына боксшы қыздар таласқан болатын. Дубай төрінде Қазақстан командасының өкілдері сегіз алтын жеңіп алып, ел байрағын сегіз рет биікке көтерді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан командасынан алғаш болып алтын жүлдені Алуа Балқыбекова жеңіп алды. 48 келіде сынға түскен ол финалда Өзбекстан өкілі Гүлсая Султаналиевадан басым түсті.
Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 51 келідегі финалдық сында алты дүркін әлем чемпионы Мэри Комға қарсы шыққан болатын. Тартысты кездесуде Назым үндістандық қарсыласып жеңіп, Азия чемпионы атанды.
54 келідегі Дина Жоламан да финалда Өзбекстан құрамасының спортшысын жеңіп, құрлық алтынын иеленді.
60 келідегі Римма Волосенко индонезиялық қарсыласын санаулы секундта нокаутқа жіберіп, Азияның алтын жүлдесіне қол жеткізді.
Сондай-ақ, 64 келідегі Милана Сафронова Үндістан боксшысын, 69 келідегі Валентина Хальзова өзбекстандық қарсыласын жеңіп, командадағы алтын санын арттыра түсті.
Ал 81 келідегі Фариза Шолтай мен аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева финалдағы қарсыластарынан басым түсіп, ел қоржынына жетінші және сегізінші алтынды салды.
Азия чемпионатында Владислава Кухта (57 келі) күміс, Марина Вольнова (75 келі) қола еншіледі. Жалпы алғанда, Қазақстан командасы сапындағы он боксшы да жүлдемен оралғалы отыр.
Айта кетейік, бокстан Азия чемпионы атанған спортшыға Қазақстан бокс федерациясы он мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы дайындаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1915151-tarixi-korsetkis-qazaqstan-bokssylary-aziya-cempionatynan-segiz-altyn-zenip-aldy/