Қазақстан құрамасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында Санатәлі Төлтаев пен шотландиялық Риз Линч арасындағы жекпе-жектің қорытындысына шағым түсірді, деп хабарлайды Sports.kz.
Санатәлі Төлтаев пен Риз Линч арасында өткен 63 келі салмақ дәрежесіндегі 1/4 финалдық кездесу төрешілер шешімімен 2:3 есебімен шотландиялықтың пайдасына шешілді.
Осыған байланыты Қазақстан командасы төрешілер шешіміне аппеляциялық шағым түсірген. Басылымның мәліметінше, бұл туралы бокстан Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев хабарлаған.
Сонымен бірге, Бақтияр Артаев өзінің Instagram парақшасындағы Stories-те шағым бойынша қандай шешім шыққанын мәлім етті.
"Барлық мемлекеттен 17 шағым берілген. Соның тек біреуінің шешімін өзгертті. Басқа шағымдардың шешімдері өкінішке қарай өзгеріссіз қалды", - деп жазды Артаев.
Еске сала кетсек, әлем чемпионатының 1/4 финалына шыққан он қазақтандық боксшының бесеуі жатылай финалға жолдама алды. Олардың қатарында 48 келідегі Теміртас Жүсіпов, 51 келідегі Сәкен Бибосынов, 54 келідегі Махмуд Сабырхан, 57 келідегі Серік Теміржанов пен 67 келідегі Абылайхан Жүсіпов бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1940246-qazaqstan-sanatali-toletaevtyn-zekpe-zegine-qatysty-apellyaciyalyq-sagym-tusirdi-toresilerdin-sesimi-belgili-boldy/