Бокстан Белградтағы әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс, бір қола жеңіп алды. Осыған байланысты бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов байрақты бәсеке туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
"Әлем чемпионатынан екі алтын алмағанымызға көп болды. 2013 жылы Алматыда 4 алтын жеңгенбіз. Оның алдында 2005 жылы Қытайда екі боксшымыз чемпион атанған. Содан кейін әрі кетсе бір алтынмен шектеліп жүрдік. Сондықтан қуаныштымын. Жігіттерді құттықтаймын", - деп сөзін бастады Тұрсынғали Еділов.
Ол әлем чемпионатының финалында Махмұд Сабырханның жеңілу себебін айтты.
"Махмұд финалда шектен тыс төбелесіп кетті. Эмоцияға берілді. Бапкерлерді тыңдаған жоқ. Тактикалық тұрғыда есе жіберді. Төбелесе берудің қажеті жоқ қой. Тәжірибенің аздығы байқалады. Мәселен, Теміртас Жүсіпов ұнады. Ол финалда тайландтық спортшыны жақсы ұтты. Махмұд Сабырханға да солай ойнап шыққан дұрыс еді. Әйтпесе, жақсы боксшы", - деді жаттықтырушы.
Тұрсынғали Еділов Белградта бақ сынаған ағайынды Төлтаевтар мен Оралбайлар туралы да не ойлайтынын жеткізді.
"Жас боксшылар. Сол тәжірибенің аздығы ғой. Ауыр салмақтарда бірден жүлде алу қиын. Әбден пісуі керек. Соққы болуы қажет. Ал жалпы олардан үміт күтуге болады", - деді ол.
Жаттықтырушы Теміртас Жүсіпов көңілінен шыққанын жасырмады.
Оның сөзінше, боксшы техникалық шеберлігігін, тәжірибесін тиімді пайдаланған.
"Барлық жекпе-жегін сәтті өткізіп, чемпион атанды. Негізі баяғыда апару қажет еді ғой. Қазақстан чемпионатын ең алғаш 2013 жылы жеңіпті. Содан бері бес рет топ жарған. Алайда бірде-бір мәрте әлемдік додаға қатысуға мүмкіндік бермеген. Көп сұрақ бар. Өзі шыдамды екен. Осыған дейін сабырлық танытып, мүмкіндігін күтті. Теміртасқа жанкүйерлік еттім. Сенімді ақтап, жеңімпаз болды. Оның орнында басқа біреу болғанда боксты баяғыда тастап кетер еді. 33 жасына дейін жүріп, еңбегі ақталды", - деді бапкер.
Автор: Бек Төлеуов
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1941444-tursyngali-edilov-33-zasqa-deiin-mumkindigin-kutken-temirtas-zusipov-usin-quandym/