Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханға Шымкент қаласынан бір бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл ақпаратты Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Табағай Қасымов жеткізді.
Оның сөзінше, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сербияда өткен бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханға тұрғын үй сертификатын табыстаған.
Кездесуге Шымкент қаласы бокс федерациясының президенті Тұрысбеков қатысты.
Былғары қолғап шеберіне қала әкімдігі мен бокс федерациясы бірлесіп "Стандарт" тұрғын үй кешенінен 1 бөлмелі пәтер берілді.
Спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы әлемдік аренада алдағы уақытта үлкен жеңістерге жететіне сенімді екенін айтты.
"Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан спортшылары халықаралық аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді. Олардың қатарында өзің секілді талантты боксшылар бар. 20 жаста әлем чемпионатының финалында сынға түскеннің өзі үлкен ерлік және жетістік. Сен үшін үлкен спорттағы үлкен жеңістер баспалдағы басталды. Енді жаттығуды күшейтіп, бұдан да биік белесті бағындырып, қазақстандықтарды қуантуға күш жігеріңді сал. Сендерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Жетістіктеріңді көріп сендер сияқты болуға талпынады. Спортшыларымыздың жетістіктері мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді. Сондықтан біз алдағы уақытта үлкен жеңістер күтеміз", - деді қала әкімі.
Белградтағы әлем біріншілігінде Қазақстан командасы 5 медаль жеңіп алды. Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Сәкен Бибосынов (51 келі) алтын алса, Сабырхан Махмұд (54 келі) пен Серік Теміржанов (57 келі) күміс, Абылайхан Жүсіпов (67 келі) қола медаль иеленді.
Жалпы командалық есепте Қазақстан екінші орыннан көрінді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1943913-alem-cempionatynda-koptin-kozaiymyna-ainalgan-maxmud-sabyrxan-bir-bolmeli-pater-ielendi/