Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында Санатәлі Төлтаевтың өзбек боксшысынан жеңіліп қалуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Bassport.kz сайты хабарлайды.
Сайттың жазуынша, әлеуметтік желіде ұлттық құрамада 63,5 келіде Төлтаевтан басқа да талантты спортшылардың бары және олардың Азия чемпионатына жіберілмегені туралы пікірлер айтылуда.
Желіде қызу талқыланған тақырыпқа бокстан еліміздің бас бапкері жауап берді.
"Азия чемпионатына аттанарда біз екі салмақта спаррингтік кездесулер өткіздік. Яғни, 63,5 және 75 келіге дейінгі салмақта құрлықтық сынға кімнің қатысатынын көпке дейін анықтай алмадық. Егер бір боксшы айқын басымдық танытып тұрса, ойланбастан апарушы едік. Сол себепті, біріншілік қарсаңында спаррингтік кездесулер өткіздік.
Аталған жекпе-жектерді федерацияның атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов арнайы келіп, тамашалады. Бапкерлер де сол жерден табылды.
Аталған сында Санатәлі өз қарсыластарының бәрін жеңді. Алдымен Сұлтан Мусиновты, кейін Мұхамедсабыр Базарбайұлын ұтты", - дейді Қайрат Сәтжанов.
Бас бапкер боксшының Азия чемпионатындағы жеңілісіне қатысты да пікір білдірді. Айтуынша, Төлтаев қолынан келгеннің бәрін жасаған.
"Бірінші секундтан бастап, ең соңына дейін тынған жоқ. Шамасы жеткенше айқасты. Бар күш-жігерін салды. Біздің есебімізше, бірінші және үшінші раундтарды Санатәлі жеңгендей еді. Бірақ жеңісті қарсыласқа берді. Егер Азия чемпионатына Санатәлі емес, басқа боксшымыз келіп, тап осы өзбек боксшысымен шығатын болса, ауыр соққы алып қалар еді. Өзбекстан намысын қорғайтын Руслан Абдуллаев негізі қазақ бала", - дейді Қайрат Сәтжанов.
Айта кетелік, Санатәлі Төлтаев Өзбекстан чемпионы Руслан Абдуллаевқа есе жіберген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1995493-basqalar-kelse-auyr-soqqy-alar-edi-bas-bapker-sanatali-toltaevtyn-ozbek-bokssysynan-zeniluine-qatysty-ne-aitty/