Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан сары құрлық бәсекесінің бесінші күні рингке 7 қазақстандық шықты, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясы.
5 қарашадағы күндізгі сессияда Жазира Орақбаева оңтүстік кореялық Чавон Кимді ұтып, Азия чемпионатының ширек финала жолдама алды. Қазақстандық боксшы 9 қарашада жапониялық былғары қолғап шеберімен кім мықтыны анықтайды.
Еліміздегі ең олжалы боксшының бірі (Әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері) Жайна Шекербекова (54 келі) жапониялық Нарита Хананы айқын басымдықпен ұтты. Жайна финал жолдамасын 9 қарашада тайпэйлік боксшымен сарапқа салады.
Айта кетейік, Жайна 54 келіге дейінгі салмаққа енді ауысты. Ұлттық құрама сапында осы уақытқа дейін бұл салмақта Дина Жоламан өнер көрсетіп келген еді.
Ал Карина Ибрагимова алғашқы жекпе-жегінде Им Аежиден (Оңтүстік Корея) еш қиындықсыз басым түсті. Есеп: 5-0. Ұлттық құрама боксшысы 57 келіге дейінгі салмақтың финалына шығу үшін 9 қарашада филиппиндік былғары қолға шеберімен жұдырықтасады.
Сонымен қатар көп жанкүйер асыға күткен Сəкен Бибосынов малайзиялық Кайюм Ариффинді ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Келесі айналымда ол 10 қарашада жапониялық Томоя Цубоимен жұдырықтасады. Екі боксшы да былтырғы Әлем чемпионатында топ жарған (Бибосынов 51 келіге дейін, Цубои 54 келіге дейін).
Өкінішке қарай, Амман төрінде Аида Әбікеева тек бір кездесумен шектелді. Ширек финалында жапониялық Маи Кито Аидадан айласын асырды.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова (70 келі) үндістандық Пужаның осал тұсын тауып, жартылай финалда жұдырықтасатын болды.
Осы кеште рингке соңғы болып шыққан қазақстандық Валентина Хальзова (75 келі) үндістандық Ловлина Боргоянның мықты екенін мойындауға мәжбүр болды.
Айта кетейік, бәсекесінің бесінші күні рингке 7 қазақстандық шығып, бесеуі жартылай финалға жолдама алды.
Сонымен қатар бұған дейін Мадина Нұршаева (66 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) мен Лəззат Күнгейбаева (+81 келі) өз салмағында Азия чемпионатына аз боксшы келгендіктен жарыс жолын жартылай финалдан бастайтынын жазған едік.
Осылайша, қазіргі уақытта кем дегенде ел қоржынына сегіз медаль түсіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1995893-bokstan-aziya-cempionaty-el-qorzynynda-segiz-medal-bar/