Бокстан Қазақстан командасының үздігі, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Азия чемпионатын қорытындылады. Спортшының айтуынша, финалдағы жеңіліске өзінің қателігі мен төрешінің бұра тартуы себеп болған, деп хабарлайды Bassport.kz сайты.
Айта кетелік, финалда Бибосынов өзбекстандық Хасанбай Досматовтан ұтылған еді.
"Хасанбай Досматов жай боксшы емес. Жай боксшы Олимпиада чемпионы болмайды ғой. Бірақ былтыр оны айқын басымдықпен, әдемі жеңген едім. Осы жолы да солай боларына сендім. Бірінші раундта бапкерлерім жақсы тактика қойып берген. Сол кезеңде 3:2 есебімен ұтыппын. Алайда ұтылып жатырмын деген оймен тактиканы өзгертіп жібердім. Бұл менің қателігім еді. Осының салдарынан жеңілдім.
Негізі, бірінші және үшінші раундта Досматовтан басым болғаным рас. Төрешілер бұра тартты аздап. Қазыларды кінәламаймын. Тек бір бас жоғары болмай, оларға өзім мүмкіндік беріп қойдым. Енді одан есе қайтару үшін тынымсыз еңбектенімін. Есе қайтаруға барымды саламын", - деді боксшы.
Сондай-ақ, Сәкен келесі жылы Ташкентте өтетін әлем чемпионатына қатысты ойын бөлісті.
"Ташкентте бәрімізге қиын болары анық. Маған ғана емес, біздің барлық боксшыларға оңай соқпайтыны анық. Бірақ біз еш мойымаймыз. Төрешілердің де жұмысында шаруамыз жоқ. Біз қарқынды күшейтіп, қазіргіден де мықты боларымызға сенемін", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1997707-taskentte-barimizge-qiyn-bolady-saken-bibosynov-finalda-ozbek-bokssysynan-ne-sebepti-utylganyn-aitty/