Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев 2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі қалай өтетінін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бүгін Қазақстан бокс федерациясының басшысы 2022 жылы Испанияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Салтанатты кеш барысында Рақышев Олимпиадаға іріктеу кезеңінің қалай жүргізілетінін жеткізді.
"Биыл біздің команданы үш маңызды жарыс күтіп тұр. Атап айтар болсақ, бокстан Үндістанда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионаты, Өзбекстанда өтетін ерлер арасындағы әлем чемпионаты және Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары боксшылар үшін жылдың ең ірі бәсекесі саналады. Өкінішке қарай, биылғы әлем біріншілігі Олимпиадаға іріктеу турнирі санатына енбейді. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті мәлімдеді.
Токио Олимпиадасының қарсаңында да боксшылар арасындағы лицензиялық турнирді ХОК ұйымдастырған болатын. Есесіне, жазғы Азия ойындарында Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Сол сыннан соң әрі қарайғы жоспарларымыз да анық бола түспек. Азия ойындарында лицензия алмағандар үшін әлемдік іріктеу турнирі ұйымдастырылмақ", - деді Рақышев.
Айта кетелік, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дейін төртжылдық додасынан бір жыл бұрын өткізілетін әлем біріншілігінде Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын. Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылдан бастап бұл жүйеге өзгеріс енгізіп, іріктеу турнирлерін толығымен өз мойнына алған.
Жазғы Азия ойындары 2023 жылдың 26 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2009520-taskentte-zoldama-berilmeidi-kenes-raqysev-bokssylardyn-olimpiadaga-qalai-irikteletinin-aitty/