Қазақстандық кәсіби боксшы Фируза Шәріпованың анасына шабуыл жасалған. Бұл туралы боксшының өзі мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға 2023 жылдың 13 маусымы күні Тараз қаласында болған. Белгісіз біреу танымал спортшының анасына тонау мақсатымен шабуыл жасады.
"Жаттығудан келген соң, анам телефон шалды. Мені уайымдатқысы келмесе де, жағдайдың қалай болғанын баяндады. Сейсенбі күні таңертең анам мен сіңлім аулада жүрген. Сол кезде бейтаныс ер адам анамды соққыға жығып, мойнындағы алқасын жұлып алған.
Содан соң сіңлімді пышақтаймын деп қорқытқан. Менің отбасым полицияға хабарласты. Олар қылмыскерді тауып, алқаны қайтарды. Енді оны сот күтеді. Анамның жағдайы қазір жақсы, бірақ одан алыста жүргенім үшін өкінемін", - деді боксшы.
Қазіргі таңда Фируза Шәріпова Ресейде жаттығуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2025101-alqasyn-zulyp-algan-beitanys-adam-tanymal-bokssy-qyzdyn-anasyn-soqqyga-zyqty/
Пікірлер жүктелуде