Астанада "Елорда кубогі" турнирінің екінші жарыс күні аяқталды. Бүгін шаршы алаңға әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
54 келіде әлем чемпионы атанған Махмұд Астанадағы турнирде жаңа салмақта бақ сынады. Ол олимпиадалық салмақ саналатын 57 келіде өнер көрсетуде.
Алғашқы кездесуде Махмұд осы салмақтағы көшбасшылардың бірі, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Оразбек Асылқұловты жеңді. Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Сабырханға берді.
57 келідегі үздік боксшылардың бірі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов та жарысты сәтті бастады. Ол жас боксшы Нұрсұлтан Алтынбекті 5:0 есебімен ұтты.
Сондай-ақ бүгін шаршы алаңға шыққан Абзал Құттыбеков (86 келі) тартысты жекпе-жекте Бауыржан Байгоншековтен 3:2 есебімен басым түсті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2026705-zana-salmaqqa-auysqan-maxmud-sabyrxan-aituly-qarsylasyn-iri-eseppen-zendi-video/