Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев шәкірт тәрбиелеуде тәртіпке басымдық беретінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Егемен Қазақстан" газетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Толқын Қылышев шәкірті, танымал өзбек боксшысы Баходир Жалоловты талай рет "скакалкамен" сабағанын жасырмады.
"Кейде қасымдағы жаттықтырушылар ара түсетін. Сондай қатал тәртіптің нәтижесінде Баходир чемпион болып жүр. Қазір маған рахмет айтады", — деді ол.
Бапкердің айтуынша, Баходир бұрын арық және бойшаң болған.
"Ол 92 килода жұдырықтасатын. Беті қайтып қалмасын деп Алексей Севастьяновтың жеке бапкеріне "шәкіртің байқап ұрсын, екінші раундта рингке шығармаймыз" деп өтініш айтқан кезіміз де болған. Сөйткен Баходир қазір абыройымызды асырып жатыр", – деді Қылышев.
Өзбекстандық бапкер Баходир Жалоловты шыңдауға Қазақстан да үлес қосқанын атап өтті.
"Баходир, Исраил, Муроджон, Елнұр бастаған мықты шәкірттерімнің барлығы Қазақстан арқылы әлемге танылды. Сіздерде жастар мен ересектер арасында жылына 10-15 турнир ұйымдастырылады. Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан секілді қалаларда өтетін турнирлерге шәкірттерімді талай апарғанмын" ,— деді бапкер.
Толқын Қылышевтың айтуынша, Баходир кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізген және Париж Олимпиадасынан кейін толықтай кәсіпқой боксқа ауыспақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2056173-skakalkamen-sabaitynmyn-ozbekstandyq-bapker-baxodir-zalolovty-qalai-zattyqtyrganyn-aitty/