Атлантада (АҚШ) өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Василий Жиров лицензиялық турнирге қатысып жатқан қазақстандық боксшыларды қолдау үшін Италияға барды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Василий Жировтың Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Василий Жиров Instagram-дағы парақшасына Олимпиадаға іріктеу турнирі өтіп жатқан Италияның Бусто-Арсицио қаласында жүрген суреттерін жариялады.
"Олимпиадаға апарар жолды қолдаймыз! Алға, Қазақстан", – деп жазды спортшы.
Василий Жировтан бөлек қазақстандық боксшыларды қолдауға басқа да зиялы қауым өкілдері барған. Атап айтқанда, 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, әлем чемпионы Біржан Жақыпов лицензиялық турнирде жүр.
Айта кетейік, Италиядағы лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамалары (ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21) сарапқа салынады. Бұл бәсекеге Қазақстаннан 11 боксшы аттанды. Былғары қолғап шеберлері Олимпиада лицензиясына ие болу үшін кем дегенде жартылай финалға дейін жетуі тиіс.
Қазақстандық боксшылар Махмұд Сабырхан, Cәкен Бибосынов, Нұрбек Оралбай лицензиялық турнирдегі алғашқы кезеңнен сүрінбей өткен еді. Ал бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Римма Волосенко екі жекпе-жегін де сәтті өткізіп, 1/8 финалға жолдама алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2064770-serik-sapiev-vasilii-zirov-zane-muxtarxan-dildabekov-qazaqstandyq-bokssylardy-italiyada-qoldap-zur/