Бокстан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бұрынғы бапкері, әлем кубогінің иегері Аркадий Топаев спаррингтік турнирге қатысты болжамын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
8-10 сәуір аралығында өтетін спаррингке Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Дулат Бекбауов, Жандос Қыдырәлиев, Серік Теміржанов қатысады.
"Қатысушылар арасындағы ең тәжірибелі боксшы — Серік Теміржанов. Әлем чемпионатын да, Олимпиада ойындарын да көрді. Оған лайықты қарсылас ретінде Ертуған Зейнуллиновті айта аламын. Екеуі финалда кездесіп, Теміржанов жеңуі мүмкін", – деді Топаев.
Сондай-ақ, Аркадий спаррингте жұдырықтасатын боксшылардың бірі Дулат Бекбауовтың салмақ ауыстыруына қатысты ойын айтты.
"Дулат та жақсы боксшы. Әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Бапкері де мықты. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты тәрбиелеген. Бапкері Олимпиадаға баратын жолды тегіс өткен адам. Сондықтан, мен олардың Парижге аз уақыт қалғанда ғана салмақ ауыстыру себебін білмеймін. Негізі, Олимпиадаға ертерек қамданған дұрыс. Өздерінің жоспарлары бар шығар, алып қосарым жоқ", – деді бапкер.
Топаев 18 жастағы Төрехан Сабырханның спаррингтік турнирге қатыспағаны дұрыс болғанын айтты.
"Ол менің қоластымда жаттықты. Өте жақсы боксшы. Болашағы зор! Алдағы уақытта қазақ боксының атағын әлемдік деңгейде көтеретін жігіт. Бірақ ол әлі жас. Жілік майы толған жоқ әлі. Ересектер арасындағы ел чемпионатына да қатысып көрмеген.
Ал ересектер мен жастар арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Әлі жас бала болғандықтан, жарты көңілі залда, жарты көңілі далада екенін де ұмытпау керек. Егер бұл турнирге қатысқанда, Төреханды "сындырып" алар ма едік?! Қанша дегенмен, ересектер арасындағы тәжірибе мен халықаралық жарыстар үлкен роль ойнайды. Төрехан 2028 жылғы Олимпиадада атой салатын жігіт. Сондықтан, оны бабымен тәрбиелеп, уақыттан алға озбайық", – деді Аркадий Топаев.
Еске салайық, бокстан лицензиялық жарысқа баратын спортшыларды анықтау үшін өтетін спаррингтік турнирдің жеребесі тартылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2080919-torexan-ali-zas-bokstan-qr-enbek-sinirgen-sport-seberi-sparringtik-turnirge-bolzam-zasady/