Бүгін, 8 сәуірде бокстан лицензиялық жарысқа баратын спортшыларды анықтау үшін өтетін спаррингтік турнирдің алғашқы жарыс күні басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Спаррингтік турнир 8-10 сәуір аралығында Астанада өтеді. Жарыстың алғашқы күнінде 54 кг салмақ дәрежесінің ширек финалында Балауса Мұздыман мен Жайна Шекербекова күш сынасты. Үш раундқа созылған кездесуде Жайна басым түсіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Қазір бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында Олимпиаданың 7 лицензиясы бар. Ерлер арасында Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) жолдама иеленді. Ал әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 кг) лицензия жеңіп алған еді.
Айта кетейік, 50 кг салмақ дәрежесінің финалында Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова күш сынасты. Үш раундқа созылған кездесуде Назым басым түсіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осы турнирде топ жарған боксшылар Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын Таиландтағы іріктеу турниріне қатысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2081012-licenziyalyq-turnirge-irikteu-bokssy-zaina-sekerbekova-zartylai-finalga-otti/