Астанада 22 жасқа дейінгі жасөспірімдер және жастар арасындағы ASBC Азия чемпионаты басталды. "Beeline Arena" спорт кешеніндегі құрлықтық дода 7 мамырға дейін жалғасады, деп жазады bassport.kz.
Біріншілікке Азияның 26 мемлекетінен 500 боксшы қатысып жатыр. Екі жас аралығында жігіттер және қыздар арасында өтетін бәсеке олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылған.
“Азия чемпионаты сынды жарысты елімізде өткізу отандық спорттың дамуына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан осы шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандарға және бізге сенім білдірген халықаралық ұйымдарға алғыс білдіремін”, - деді Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп шараның ашылу салтанатында.
“Соңғы жарты жылда екі рет Азия чемпионатын өткізу оңай емес. Сондықтан осындай ерлік танытқан Қазақстанға алғыс білдіремін! Біз үшін Қазақстанға келу үлкен құрмет” - деп алғысын білдірді Азия бокс федерациясының вице-президенті Әли Саламе.
Азия чемпионаты жастар арасындағы сыннан басталды. Бүгін Қазақстан сапына шаршы алаңға шыққан барлық боксшы жеңіске жетті: Нұрасыл Төлебек (54 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Алексей Хаванцев (60 кг).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2092283-qazaqstan-bokstan-zhastar-men-zhasospirimder-arasyndagy-aziia-chempionatyn-satti-bastady/