Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүгін 24 жасқа толды": Париж Олимпиадасына жолдама алған қазақстандық егіз боксшы жайлы не білеміз

Опубликовано:

Нұрбек және Айбек Оралбай
Нұрбек және Айбек Оралбай. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған боксшылар Нұрбек пен Айбек Оралбай 24 жасқа толды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Нұрбек пен Айбек Оралбай 2000 жылы 11 маусымда Астанада дүниеге келген. Екеуі де бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Ағайынды спортшылар күрес үйірмесін іздеп жүріп боксқа кездейсоқ тап болған.

"Әкем күреспен шұғылданған соң, біздің де балуан болғанымызды қатты қалаған болуы керек. Сыңарым Нұрбек екеумізді Астанадағы "Алатау" спорт кешеніне ертіп апарды. Күрес үйірмесін іздеп жүргенде кездейсоқ бокс жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа жолығып қалды. Ол кісі егіз баланы тәрбиелеп, чемпион етіп шығаруды армандап жүргенін айтып, бізді әкемнен сұрап алды. Осылайша, күрес үйірмесін іздеп жүріп боксқа кездейсоқ келіп қалдық", - деді Айбек Оралбай.

Боксшы Айбек Оралбай және бас бапкер Мырзағали Айтжанов
Боксшы Айбек Оралбай және бас бапкер Мырзағали Айтжанов. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Айбек Оралбай – Азия чемпионы (2022), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы (2019, 2020, 2021), жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы (2018), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018), жастар арасындағы Азия чемпионы (2018).

Ал Нұрбек Оралбай – әлем чемпионы (2023), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2022), Қазақстан чемпионы (2021), Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2020), жастар арасындағы әлем чемпионы (2018), жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2018).

Нұрбек Оралбай
Нұрбек Оралбай. Фото: instagram.com/qaz_olympics

Қос боксшы наурызда Италияның Бусто Арсицио қаласында өткен әлемдік лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған еді.

Нұрбек Оралбай, Кеңес Рақышев, Гүлнар Шағатайқызы марапаттау рәсімінде
Нұрбек Оралбай, Кеңес Рақышев, Гүлнар Шағатайқызы. Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2115435-parizh-olimpiadasyna-zholdama-algan-qazaqstandyq-egiz-boksshy-bugin-24-ke-toldy/