Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шаңырақтарыңыз шайқалғанын қаламаймын": Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне үндеу жасады

Жарияланған күні:

Жәнібек Әлімханұлы
Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегі алдында жанкүйерлеріне үндеу жасап, бәс тігу мен құмар ойындардан аулақ болуға шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Орта салмақ дәрежесіндегі WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялады.

"Інілер, құрметті жанкүйерлер. Бұйыртса 13 шілде жекпе-жегім. Екі бірдей чемпиондық титулды қорғаймыз. Әдеттегідей іні-бауырларды ставка тікпеуге шақырамын. Сіздер маған қандай жанкүйер болсаңыздар, мен де сіздердің бақытты өмір сүрулеріңіздің жанкүйерімін.

Шаңырақтарыңыз шайқалмағанын қалаймын. Қарызға батып қиналмаса деймін. Құмар ойын – жамандық! Әр жамандық бақытсыздыққа бастайды. Сондай-ақ қазір әртүрлі спорттық ойындар өтіп жатыр. Жеңіл ақшаны көздеп, нәпсіге еріп берекеден айырылып қалмайықшы. Отбасыларыңыз аман болсын!", - деп жазды Әлімханұлы.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 13 шілдеде Ресей тумасы, Жаңа Зеландияның атынан шығатын Андрей Михайловичпен жұдырықтасады. Жекпе-жек Лас-Вегастағы (АҚШ) Palm Casino Resort аренасында өтеді.

Қазақстандық боксшы (15-0, 10 КО) соңғы жекпе-жегінде Германия өкілі Винченцо Гуальтиериді алтыншы раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBF белбеулерінің иегері атанған болатын.

Андрей Михайлович (21-0, 13 КО) соңғы рет шаршы алаңға сәуірде шықты. Ол венесуэлалық Эдисон Сальтаринмен кездесіп, бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2125572-shangyraqtaryngyz-shaiqalganyn-qalamaimyn-zhanibek-alimhanuly-zhankuierlerine-undeu-zhasady/