Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиада алтынын әкеле ме: ҰОК болжамын ұсынды

Жарияланған күні:

Қамшыбек Қоңқабаев
Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Luis Robayo/Getty Images

Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев өзінің спорттық мансабындағы екінші Олимпиадасында бақ сынайды. Токиода өткен байрақты бәсекеде қола медаль еншілеген болатын. Ал жанкүйерлер Париж Олимпиадасында Қамшыбек алтыннан алқа тақса дейді. Сол себепті боксшының ендігі мақсаты – өз нәтижесін жақсарту, деп KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қамшыбек Қоңқабаев ауыр салмақта өнер көрсетеді. Оның басты қарсыласы – өзбек боксшысы Баходир Жалолов. Өзбек боксшысы тәжірибелі әрі айлакер, бұлай деуіміздің себебі – ол соңғы кездесулерде Қамшыбектен айласын асыра білді.

Бахадүр Жалолов пен Қамшыбек Қоңқабаев
Бахадүр Жалолов пен Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Қос мықтының арасындағы соңғы бәсеке Ханчжоудағы Азия біріншілігінде өтті. Сол турнирде де өзбек боксшысының бабы мен бағы қатар келіп, Қамшыбектен басым түсті. Баходир Жалолов Парижде алтыннан алқа тағып, екі дүркін Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы болсам дейді. Токио Олимпиадасында топ жарған Баходир Жалолов Париждегі бәсекеде де айқын фаворит саналады.

Сондай-ақ Қамшыбек Қоңқабаевтың тағы бір басты қарсыласы – ұлыбританиялық Делишес Ори. Ол әлемдік біріншіліктерде жарқын жеңістерімен көзге түсе алмады. Бірақ былтыр өткен Еуропа ойындарында топ жарды. Сонымен бірге ол 2022 жылы өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. Делишес Ори шаршы алаңда айласы басым, әдісі мығым, соққысы жойқын боксшы.

Боксшы Делишес Ори
Боксшы Делишес Ори. Фото: Olympic.kz

Сондай-ақ жүлдеден басты үміткерлердің қатарында Нельви Тиафакты да айтуымызға болады. Спорт мамандары Токио Олимпиадасында Тиафак алға озады деп болжаған. Алайда Нельви карантин салдарынан бабына ене алмай, Олимпиадаға қатыса алмады. Енді ол өз мақсатын орындау үшін барын салары анық. Ол 2022  жылғы Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2019, 2023) атанған. 

Сонымен бірге испаниялық Айюба Гадфаны атап өтуге болады. Ол 2023 жылғы әлем біріншілігінде қолаға қол созды. Тиафак секілді, ол да Токиоға бара алмай, Парижге іріктеуден өтті. Айюб екінші әлемдік іріктеуде лицензия алды. Биыл ол Еуропа чемпионы атанған.

Бразилиялық Абнер Тейшер де қарымды спортшылардың қатарынан табылады. Токио ойындарының қола жүлдегері. Бірақ 91 кг салмақ дәрежесінде жүлде алды. Бүгінде ол салмақ ауыстырып, түрлі халықаралық додада бақ сынап жүр.

Боксшы Абнер Тейшер
Боксшы Абнер Тейшер. Фото: Olympic.kz

Жалпы алғанда Қамшыбек Қоңқабаевтың салмағында атағынан ат үркетін боксшылар айтарлықтай көп емес. Спорт мамандарының айтуынша, ол финалға дейін сүрінбей жетуі тиіс. Себебі оның бабы, деңгейі басқалардан оқ бойы озық болмаса, кем емес. Бұл байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тағуы да мүмкін. Оның Олимпиада алтынына таласуға мүмкіндігі мен әлеуеті жеткілікті.

Айта кетелік, Франция астанасында өтетін Олимпиада ойындарына бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 к) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) қорғайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2134611-parizh-olimpiadasy-boksshy-qamshybek-qongqabaevtyng-mumkindikteri-qandai/