Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық егіз боксшының әкесі: Екі ұлым да Олимпиададан алтын әкеледі деп үміттенемін

Жарияланған күні:

Нұрбек және Айбек Оралбай
Нұрбек және Айбек Оралбай. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Париж Олимпиадасына қатысатын ағайынды боксшылар Нұрбек және Айбек Оралбайдың әкесі Рахат Оралбай ұлдарының жеңіспен оралатынына үміттенетінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

– Рахат мырза, естуімізше өзіңіз де спортқа жақын адам екенсіз. Демек Айбек пен Нұрбектің бала кездерінен боксқа қатысуына сіз себепші болдыңыз ба?

– Ең алдымен екі ұлым Айбек пен Нұрбектің бала кездерінен спортқа жақындығы, бейімі бойларында болғанын айта кеткенім жөн. Өзім еркін күрестен спорт шеберімін. Негізі туған жеріміз Жамбыл облысындағы Айша бибі ауылы. Қос ұлымды кішкентай кездерінен өзіммен бірге ертіп, күніне 2 мезгіл жаттығуға алып барып жүретінмін. Жасырары жоқ, менің жолымды қуса деген арманым болды.

– Төртжылдықтың байрақты бәсекесі болған соң Олимпиада қай спортшыға да оңай соқпайтыны анық. Дегенмен Айбек пен Нұрбектен ел көп үміт күтіп отыр, жүлдегер атануға мүмкіндіктері көбірек. Қазір олардың дайындығын бақылап жүрсіз бе?

– Бұл тұста алдымен салаға жауапты ведомстволардың да еңбегін айта кеткеніміз абзал. Спортшылардың жарысқа қатысуына ықпал етіп, жан-жақты көмегін аямай жатыр. Есесіне көк туымызды желбірететін дүлдүлдеріміз көп боларына сенім мол. Олимпиада жақындаған сайын әр нәрсені ойлаймыз. Осы бастан Қазақстан атынан қатысатын барлық спортшы ұл-қыздарымызға жеңіс тілеп отырмыз. Алдағы арманның бірі – солар осы жолы туымызды биіктетіп, Париж төрінде әнұранымызды шырқатса екен! Бәріміз де бұған тілекшіміз!

Қазір ұлдарымды күнделікті қадағалап отырмын. Телефон арқылы байланысып, дайындықтарын бақылап, салмақтарын қалай реттеп жатқанын сұраймын. Реті келсе, ақылымызды да айтамыз. Көпшілікпен кеңесіп, уақыт режимін тексеріп тұрамыз. Ең бастысы, екі ұлымның жүрегіндегі сенім. Құдай қаласа, екі ұлым да еліме екі алтынды алып келеді деп үміт артамын. Сол қуанышты күннің нәсіп болғанын қалап жүрміз.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай Париж додасында 80 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Ал Айбек Оралбай 92 кг салмақта ел намысын қорғайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2134857-qazaqstandyq-egiz-boksshynyng-akesi-eki-ulym-da-olimpiadadan-altyn-akeledi-dep-umittenemin/