Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Боксшы қыздарымыз жүлдеге таласады": бас бапкер спортшылардың Олимпиададағы мүмкіндігін бағамдады

Жарияланған күні:

Елдос Сайдалин
Елдос Сайдалин. Фото: olympic.kz

Бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин спортшылардың байрақты бәсекеге дайындығы, жүлдеге таласу мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас бапкер Елдос Сайдалин спортшылардың Париждегі алғашқы жаттығуын бастағанын, боксшы қыздардың дайындығының ойдағыдай екенін айтты.

"Біз Парижге келгенге дейін арнайы жоспар бойынша оқу-жаттығу жиындарын жоғары деңгейде өткізіп келдік. Ал кеше Парижде алғашқы жаттығуымызды бастадық. Бәрі өзіміз ойлағандай, жоспар бойынша өтіп жатыр. Енді, 25 шілде күні болатын жеребені күтіп отырмыз. Қарсыластарымыз сол күні белгілі болады", - деді бас бапкер Елдос Сайдалин.

Сондай-ақ боксшы қыздардың жүлдеге таласу мүмкіндігі бар екенін де жасырмады.

"Олимпиада ойындарына ешкім жеңілемін деп келмейді. Барлық спортшының басты мақсаты – қарсыласын ұтып, жеңіс тұғырынан көріну. Өздеріңіз білесіздер Париж Олимпиадасына әйелдер құрамасынан 50 келіде Назым Қызайбай, 57 келі салмақта Карина Ибрагимова және 75 келі салмақта Валентина Хальзова жолдама жеңіп алды. Үшеуінің де жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. Бұл боксшыларымыз өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Парижде де барын салып жүлдеге таласа алады", - деді бас бапкер.

Париж Олимпиадасында бокс бәсекелері 27 шілдеде басталады. Қазақстан әйелдер құрамасынан алғаш рет үш боксшы сынға түседі. Олар: Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2139096-boksshy-qyzdarymyz-zhuldege-talasady-bas-bapker-sportshylardyng-olimpiadadagy-mumkindigin-bagamdady/