Қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Париж Олимпиадасындағы екінші жекпе-жегін қорытындылады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Qazaqstan телеарнасының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
63,5 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/8 финалда тайбэйлік спортшы Чу Ен Лаймен қолғап түйістіріп, 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
"Олимпиадаға осал қарсыластар келмейді, бәрі мықты. Ол Азия ойындарында екінші орын алған болатын, өте тәжірибелі боксшы. Екінші жекпе-жек болған соң, рингті сезініп, бапкерлер қойған тактикаларды, тапсырмаларды толықтай орындадым. Соның арқасында жеңіске жетіп отырмын. Бүкіл қазақ еліне, отбасыма, жанкүйерлеріме көп рақмет!", - деді қазақстандық боксшы.
Енді Мұхаммедсабыр ширек финалда 27 жастағы грузиялық Лаша Гурулимен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек 2 тамызға жоспарланған.
Еске салайық, +92 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев 1/8 финалда испаниялық спортшы Аюб Гадфа Дриссиден 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2141652-bapkerlerding-tapsyrmasyn-tolyq-oryndadym-muhammedsabyr-bazarbaiuly-ekinshi-zhekpe-zhegin-qorytyndylady/