Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж Олимпиадасында босқындар құрамасының өкілі Синди Нгамбамен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Синди Нгамба Париж Олимпиадасының 1/8 финалында канадалық боксшы, әлем чемпионы Таммара Тибоны жеңіп, сенсация жасаған еді. 75 кг салмақ дәрежесінде өткен кездесуде Нгамба төрешілердің шешімімен (3:2) басым түсті.
Жекпе-жектен кейін Нгамба ХОК президенті Томас Бахпен және Геннадий Головкинмен кездесіп, суретке түсті.
Синди Нгамба – Камеруннның тумасы, бірақ 11 жасынан бері Ұлыбританияда тұрады. Ол Ұлыбританияның азаматтығын алмағандықтан, бұл елдің намысын қорғай алмайды. Спортшы босқындар олимпиадалық құрамасының атынан сынға түсіп жатыр.
Еске салайық, Геннадий Головкин бокстан Олимпиада ойындарының кезекті жарыс күнін ашып бергенін жазған едік.
Бүгін, 2 тамызда қазақстандық боксшылардан Париж Олимпиадасында Нұрбек Оралбай, Карина Ибрагимова және Сәкен Бибосынов жұдырықтасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2143603-gennadii-golovkin-parizh-olimpiadasynda-sensatsiia-zhasagan-boksshymen-kezdesti-foto/